Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жаңаөзен тұрғыны пробация талабын бұзғаны үшін қамауға алынды

Жаңаөзенде 24 жастағы жергілікті тұрғынға қатысты жаза түрін ауыстыру туралы сот шешімі қабылданды. Бостандықты шектеу жазасын өтеу тәртібін жүйелі түрде бұзғаны үшін оған нақты бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Бұған дейін қамауға алынған азамат, қала сотының үкімімен ҚР ҚК-нің 191-бабы бойынша кінәлі деп танылып, 3,6 жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілген. Сонымен қатар оған пробациялық бақылау белгіленіп, 100 сағат мәжбүрлі еңбекке тарту міндеттелген.

Пробациялық есепке алынған сәттен бастап қызметкерлер сотталғанмен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, мінез-құлық қағидалары мен заң талаптарын жеткізген. Алайда ол қоғамнан оқшаулаусыз түзелу мүмкіндігін пайдаланбай, белгіленген талаптарды жүйелі түрде бұзған.

Жаңаөзен қалалық пробация қызметінің инспекторы Нұрболат Бисенбайдың айтуынша, бұл тұрғын заң талаптарын сақтауға ниет танытпаған.

— Оған электронды білезік тағылғанына қарамастан, құрылғыны әдейі өшіріп, түнгі уақытта тұрғылықты мекенжайында болмаған. Сонымен қатар сот тағайындаған 100 сағат мәжбүрлі еңбекті өтеу міндетін орындамаған. Ресми ескертулерге қарамастан, өз міндеттерін орындаудан жалтарды. Осыған байланысты сотқа жаза түрін ауыстыру туралы ұсыныс жолданды, — деді ол.

Жаңаөзен қалалық соты іс материалдарын қарап, аталған азаматты бостандықты шектеу жағдайында түзету мүмкін емес деген қорытындыға келді. Сот қаулысымен өтелмеген 2,8 жыл жаза мерзімі бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылды.

Сотталған ер адам сот залында бірден қамауға алынды. Ол жазасын қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейтін болады.

Маңғыстау облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті еске салады: бостандықты шектеу — сотталған адамға қоғамнан оқшаулаусыз түзелуге мүмкіндік беретін жаза түрі. Алайда пробация талаптарын елемеу жазаның қатаңдатылуына әкеледі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру