Атырауда телефон ұрлығына қарсы жедел-профилактикалық шаралар күшейтілді
Атырауда телефон ұрлығына қарсы жедел-профилактикалық шаралар күшейтілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Атырау қаласында ұялы телефон ұрлығы фактілерінің жиі тіркелуіне байланысты ағымдағы жылдың 13-17 сәуір аралығында "Ұялы телефон ұрлығы" жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.
Аталған шара аясында Атырау қаласы Полиция басқармасының №1 және №2 қалалық полиция бөлімдері, криминалдық полиция және қоғамдық қауіпсіздік бөлімдерінің қызметкерлерінен арнайы мобильді топтар құрылды. Олардың негізгі мақсаты – қылмыстардың алдын алу, оларды дер кезінде ашу, күдікті тұлғаларды анықтау және ұрланған мүлікті іздестіру.
Қазіргі таңда мобильді топтар ұялы телефон ұрлығының алдын алу және бұрын жасалған қылмыстарды ашу бағытында кешенді жұмыстар жүргізуде. Осы орайда қала аумағындағы ұялы телефон жөндеу шеберханалары, сондай-ақ қолданыста болған құрылғыларды сату және қабылдау орындарына рейдтік тексерулер ұйымдастырылуда.
Жедел-профилактикалық іс-шараның алғашқы екі күндік қорытындысы бойынша 15 ұялы телефон жөндеу орны мен 10 сату-қабылдау пункті тексерілді. Нәтижесінде бір ұялы телефон ұрлығы дерегі ашылып, күдікті азамат ұсталды.
Полиция департаменті бұл бағыттағы жұмыстардың 17 сәуірге дейін жалғасатынын хабарлайды. Құқық қорғау органдары азаматтарды жеке мүліктеріне мұқият болуға және күмәнді жағдайлар туындаған жағдайда дереу полицияға хабарлауға шақырады.
