Талдықорғанда студенттерге адам саудасының алдын алу бойынша дәріс өтті
Талдықорғанда студенттерге адам саудасының алдын алу бойынша дәріс өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Талдықорған қаласында полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы Жетісу университетінің студенттеріне арналған профилактикалық дәріс ұйымдастырды. Іс-шара қазіргі қоғамдағы өзекті әрі қауіпті мәселелердің бірі — адам саудасының алдын алуға бағытталды.
Кездесу барысында полиция қызметкерлері қылмыскерлердің жәбірленушілерді арбау үшін қолданатын тәсілдерін жан-жақты түсіндірді. Әсіресе шетелде жұмысқа орналасу мәселесіне ерекше назар аударылды. Студенттерге жоғары табыс пен "жеңіл жұмыс" уәде ететін тартымды ұсыныстардың астарында көбіне қанау, мәжбүрлі еңбек және бостандықты шектеу сияқты қауіптер жататыны ескертілді.
Құқық қорғау органдары жастарды шетелге шығуды жоспарлау кезінде барынша сақ болуға, жұмыс берушілердің сенімділігін мұқият тексеруге және күмәнді делдалдардың қызметіне жүгінбеуге шақырды. Сондай-ақ, шетелде демалу кезінде де қырағылық танытып, жеке қауіпсіздікке немқұрайлы қарамаудың маңызы атап өтілді.
- Әдемі уәделер мен жарқын жарнамалардың артында үлкен қауіп жасырынуы мүмкін. Сондықтан кез келген ақпаратты тексеріп, өз қауіпсіздігіңізге бейжай қарамау қажет, — деп атап өтті полиция қызметкерлері.
Аталған кездесу жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған маңызды қадам болды. Студенттер тек теориялық білім алып қана қоймай, ықтимал қауіптердің алдын алуға және төтенше жағдайларда дұрыс әрекет етуге көмектесетін тәжірибелік кеңестерге де қанықты.
