Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Құқық қорғау қызметіне бірге қадам басқан жас жұбайлар

Полиция қызметіне бірге қадам басқан жас жұбайлар Айбас Уапов пен Нұрай Жанғали бүгінде кәсіби даярлықтан өтіп, ортақ мақсат жолында еңбек етуде, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Айбас Уапов пен Нұрай Жанғали – полиция саласына бірге келген жас жұбайлар. Қазіргі таңда олар М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтында алғашқы кәсіби даярлық курсынан өтіп, болашақ қызметке қажетті білім мен дағдыларды меңгеруде.

Жас мамандар – Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің түлектері. Бір топта білім алып, ортақ мақсат пен қызығушылық негізінде қалыптасқан таныстық уақыт өте келе отбасылық өмірмен ұштасып, енді оларды ортақ мамандық біріктіріп отыр. Ерлі-зайыптылар алдағы уақытта да полиция қызметінде бірге еңбек етіп, бір-біріне тірек болуды көздейді.

Олардың айтуынша, бірге оқу – тек кәсіби даму ғана емес, өзара сенімді нығайтып, қиындықтарды қатар еңсерудің мүмкіндігі. Нұрай үшін жолдасының қолдауы маңызды болса, Айбас үшін отбасы бірлігі мен ортақ қызмет – басты ынталандырушы күш.

Жас жұбайлардың негізгі мақсаты – заң талаптарын сақтай отырып, азаматтарға көмек көрсету, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және өз міндеттерін адал атқару. Олар алдағы уақытта тәжірибе жинап, кәсіби әрі жауапты маман ретінде қалыптасуды жоспарлап отыр.

Айбас пен Нұрайдың таңдаған жолы – ортақ мақсатқа ұмтылыс пен қызметке деген адалдықтың айқын көрінісі. Бұл – болашақта құқық қорғау саласында үлгілі қызмет атқаруға берік негіз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру