"Жолда қабылдау": Атырауда 300-ден астам тұрғынның өтініші қаралды
Атырауда "Жолда қабылдау" акциясы аясында 300-ден астам тұрғынның өтініші қабылданып, құқықтық кеңес берілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
17-18 сәуір күндері Атырау облысы мен қала аумағында "Жолда қабылдау" республикалық акциясы ұйымдастырылды. Іс-шара облыс көлемінде, сондай-ақ Ақтөбе – Атырау – Астрахань бағытындағы республикалық маңызы бар автожолда өтті.

Акцияға Атырау облысы полиция департаментінің қызметкерлері, көлік прокуратурасы, көліктік бақылау инспекциясы және "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясының өкілдері қатысты.
Акцияның алғашқы күнінде 300-ден астам тұрғын құқық қорғау органдарына жүгініп, өздерін толғандырған сұрақтарына жауап алды. Азаматтар тарапынан ең жиі қойылған сауалдар әкімшілік айыппұлдар, жүргізуші куәлігін алу және ауыстыру тәртібі, көлік құралдарын тіркеу, жол қозғалысы ережелері, сақтандыру, техникалық байқау, сондай-ақ жол-көлік оқиғалары кезінде әрекет ету тәртібіне қатысты болды. Сонымен қатар тұрғындар жеке қауіпсіздік, интернет-алаяқтық, қоғамдық тәртіп және учаскелік полиция қызметіне байланысты мәселелерді де көтерді.
Акция барысында тәртіп сақшылары азаматтарға заң аясында кеңес беріп қана қоймай, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Әсіресе жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге жолдағы қауіпсіздік шаралары мен апаттың алдын алу тәсілдері кеңінен түсіндірілді.
"Жолда қабылдау" акциясының басты ерекшелігі – тұрғындардың өз сұрақтарын тікелей құзырлы орган өкілдеріне қойып, жедел әрі нақты жауап алу мүмкіндігі. Бұл формат халық пен полиция арасындағы ашық диалогты нығайтып, өзара сенімді арттыруға ықпал етеді.
