Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Кинологтың бір күні: сенім мен серіктестікке құрылған қызмет

Полиция қызметі құрылымында кинологиялық бағыттың орны айрықша. Бұл салада адам мен қызметтік ит біртұтас жүйе ретінде әрекет етіп, өзара сенім, тәртіп пен үйлесімділік күнделікті жұмыстың өзегіне айналады. Жетісу облысы полиция департаментінің кинологиялық қызмет орталығының қызметкері Айдос Ерузаковтың бір күні – осы жауапты мамандықтың мәнін айқын көрсететін мысал. Толығырақ Polisia.kz сайтынан оқыңыздар.

Айдостың жұмыс күні ерте басталады. Алдымен саптық жиынға қатысып, басшылықтан нақты тапсырмалар алады. Күн тәртібінің тығыз әрі жауапты болары сол сәттен-ақ аңғарылады. Алайда оның қызметіндегі ең маңызды кезең – төрт аяқты серігі, қызметтік ит Лашынмен жаттығу.

Лашын – тек арнайы дайындықтан өткен ит қана емес. Ол туған кезінен бастап Айдоспен бірге өсіп, олардың арасында ерекше байланыс қалыптасқан. Айдос Лашын үшін тек жетекші емес, сенімді дос әрі жақын жан. Мұндай өзара түсіністік олардың қызметтегі нәтижелілігін арттырып, кез келген тапсырманы мінсіз орындауға мүмкіндік береді.

Күнделікті жаттығулар барысында қызметтік иттер тыйым салынған заттарды, жарылғыш құрылғыларды және әртүрлі иістерді анықтауға машықтанады. Адам көзі байқай бермейтін қауіп-қатерді Лашын сынды иттер лезде сезіп, дер кезінде белгі береді.

Жаттығудан бөлек, кинологтар бірқатар маңызды қызметтік міндеттерді атқарады. Солардың бірі – пошта бөлімшелерін тексеру. Бұл шара есірткі заттарының заңсыз тасымалдануына тосқауыл қоюға бағытталған. Мұндай жұмыстар жоғары жауапкершілік пен мұқияттылықты, сондай-ақ кинолог пен иттің үйлесімді әрекетін талап етеді.

Кинологиялық орталықта жануарларға күтім жасауға да айрықша көңіл бөлінеді. Қызметкерлер иттердің денсаулығын, дұрыс тамақтануын және физикалық дайындығын тұрақты бақылауда ұстайды. Себебі қызметтік ит – тек жұмыс құралы емес, ол – қамқорлық пен жанашырлықты қажет ететін тірі ағза.

– Қызметтік ит – жай ғана серік емес. Ол сені сөзсіз түсінеді, саған толық сенеді және ешқашан сатпайды. Біздің міндетіміз – сол сенімге лайық болу, – дейді полицияның кіші лейтенанты Айдос Ерузаков.

Күн соңында Айдос атқарылған жұмыстарды қорытындылап, келесі күнге дайындық жүргізеді. Бір күн ішінде орындалған тапсырмалар мен өткізілген жаттығулар – оның жауапты қызметінің ажырамас бөлігі.

Кинолог болу – жай ғана мамандық таңдау емес. Бұл – кәсібилікпен қатар адамгершілікті, сабырлылықты және өз ісіне деген шынайы сүйіспеншілікті талап ететін ерекше жол.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру