Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Темірдей тәртіп пен төзімділік: полиция нұсқаушысының бір күні

Полиция қызметкерінің әрбір нық қадамының артында тек заң талаптары ғана емес, сонымен қатар үздіксіз өзін-өзі жетілдіру жатыр. Физикалық төзімділік, психологиялық тұрақтылық және ішкі тәртіп — қызметті тиімді атқарудың негізгі алғышарттары. Осы қағидаларды өмірлік ұстанымына айналдырған Жетісу облысы полиция департаментінің арнайы және кәсіби даярлық басқармасының аға инспекторы Архат Омарханов. Толығырақ Polisia.kz сайтынан оқыңыздар.

Тәжірибелі маман 2007-2011 жылдары №18404 әуе-десанттық әскери бөлімінде қызмет атқарған. 2012 жылдан бастап ішкі істер органдарында еңбек етіп келеді. Ал 2016 жылдан бері әріптестерінің бойында рух күшін, төзімділік пен жеңіске деген жігерді қалыптастыру мақсатында спорттық жарыстарды ұйымдастыру және өткізу ісіне белсенді түрде атсалысып жүр.

Оның жұмыс күні көпшілік ойлағандай сапқа тұрудан басталмайды. Сабақ кестесін пысықтау, спорттық құрал-жабдықтарды әзірлеу, қызметкерлердің физикалық дайындығын саралау — күнделікті жұмысының ажырамас бөлігі. Арнайы және кәсіби даярлық басқармасында әрбір бағытқа айрықша мән беріледі: турникке тартылу, спорттық гимнастика, төзімділікке жүгіру, атыс және саптық даярлық.

Архат Талғатұлының жетекшілігімен полиция қызметкерлері шынайы қызмет барысында шешуші рөл атқаратын дағдыларын жетілдіреді. Өйткені дайындық деңгейі тек қызметкердің жеке қауіпсіздігіне ғана емес, азаматтардың тыныштығына да тікелей әсер етеді.

Сонымен қатар психологиялық тұрақтылықты қалыптастыруға да ерекше көңіл бөлінеді. Күйзеліс жағдайында сабыр сақтап, жедел әрі дұрыс шешім қабылдай білу — аса маңызды қабілет. Бұл тұрғыда нұсқаушының еңбегі тек жаттығумен шектелмей, тұлғалық қасиеттерді шыңдауға бағытталады.

Архат Талғатұлының айтуынша, нағыз полиция қызметкері — өз ісінің кәсіби маманы ғана емес, сонымен бірге берік ұстанымы бар тұлға.

- Тәжірибелі маман — әскери тәртіптен өткен, күнделікті қызмет барысында шыңдалып, үнемі дамуға ұмтылатын адам. Біздің міндетіміз — әрбір қызметкерді физикалық және моральдық тұрғыда кез келген сын-қатерге дайын ету, — дейді ол.

Оның еңбегі Жетісу өңірінде қоғамдық тәртіпті сақтауға және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қызмет етіп жүрген полиция қызметкерлерінің кәсіби деңгейін арттыруға қосылған елеулі үлес.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру