Павлодар облысының тұрғыны полицейлерге алғысын жеткізді
Ертіс ауданының полиция бөліміне ауыл тұрғыны Жанар Дюсембинадан полиция қызметкерлерінің көрсеткен көмегі мен жанашырлығы үшін алғыс хат келіп түсті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Тұрғын өз хатында полиция бөлімінің бірінші орынбасары Ғабит Мұқанов пен полиция қызметкері Азамат Саяновқа ризашылығын білдірген.
Жанар Дюсембинаның айтуынша, ұлы стадионда ішінде телефон мен қуаттағыш құрылғысы бар барсетканы ұмытып кеткен. Жоғалған заттарды табу үшін бірнеше рет хабарландыру беріп, түрлі чаттарға жазғанымен, ұзақ уақыт бойы нәтиже болмаған.
Полиция қызметкерлерінің көмегінің арқасында заттар иесіне қайтарылды. Бұл оқиға отбасы үшін қиындықты шешумен қатар, көмек қолын созған жандарға алғыс білдіруге себеп болды.
Тұрғын Ғабит Мұқановтың азаматтардың өтініштеріне мұқият қарап, әр жағдайға түсіністікпен қарайтынын және мәселені шешуге қолдау көрсетуге дайын екенін ерекше атап өтті.
- Полиция қызметкерлерінің өз міндеттерін орындаумен қатар, адамгершілік танытып, азаматтарға шын ниетімен көмектесуге ұмтылғаны өте құнды. Осындай жандардың арқасында құқық қорғау органдарына деген сенім артып, қиын жағдайда қол ұшын созуға дайын адамдардың бар екеніне көз жеткіземіз, — деп атап өтті Жанар Дюсембина.
Мұндай алғыс сөздер полиция қызметінің қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етумен ғана шектелмейтінін көрсетеді. Азаматтарға қолдау көрсету, олардың өтініштеріне жауапкершілікпен қарау және әрбір жағдайға бейжай қарамау — полиция жұмысының маңызды бөлігі.
Азаматтардың сенімі нақты істер арқылы қалыптасады. Ал шынайы алғыс — адал қызмет пен адамгершіліктің лайықты бағасы.
