Алматыда жастар арасында құқықтық квест ұйымдастырылды
Алматы қаласы полиция департаментінде "Заң және тәртіп" қағидатын жүзеге асыру аясында студенттерге арналған құқықтық квест ұйымдастырылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Аталған жоба жастардың құқықтық мәдениетін арттыруға, заңға деген құрметін қалыптастыруға және өмірлік жағдайларда дұрыс шешім қабылдау дағдыларын дамытуға бағытталған.
Іс-шараның ашылуында сөз сөйлеген Алматы қаласы полиция департаментінің бастығы Айдын Кабдулдинов заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету тек құқық қорғау органдарының міндеті емес, әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі екенін атап өтті.
- Заң мен тәртіп – тұрақты қоғамның негізі. Заң үстемдік еткен жерде әділеттілік, сенім және ертеңгі күнге деген нық сенім қалыптасады, – деді департамент басшысы.
Оның айтуынша, құқық бұзушылықтың алдын алуда заманауи тәсілдер тек бақылаумен шектелмей, әсіресе жастар арасында жүйелі түсіндіру жұмыстарын жүргізуді талап етеді.
- Біздің басты мақсатымыз – жазалау емес, алдын алу. Біз жастарды тартуымыз, түсіндіру жұмыстарын жүргізуіміз және құқықтық сананы қалыптастыруымыз қажет. Осы тұрғыда мұндай құқықтық квест жобаларының маңызы зор, – деп атап өтті Айдын Кабдулдинов.
Сондай-ақ ол квесттің тек зияткерлік сайыс қана емес, қатысушылардың құқықтық жағдайларда дұрыс бағдар табуына мүмкіндік беретін тәжірибелік алаң екенін жеткізді.
- Бүгін сіздер тек білімдеріңізді сынап қана қоймай, жылдам әрі сауатты түрде заң аясында шешім қабылдауды үйренесіздер. Бұл – әрбір азамат үшін маңызды дағды, – деді ол.
Жобаға алғаш болып Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің студенттері қатысты.
Квесттің тәжірибелік кезеңі жедел басқару орталығы базасында өтті. Қатысушылар полиция қызметінің нақты уақыт режиміндегі жұмысымен танысып, арнайы әзірленген жағдайлық тапсырмаларды орындады.
Полиция өкілдерінің айтуынша, мұндай форматтағы іс-шаралар жастармен ашық диалог орнатуға, полицияға деген сенімді арттыруға және қоғамда тұрақты құқықтық мәдениетті қалыптастыруға ықпал етеді.
Айта кетейік, "Заң және тәртіп" қағидатын іске асыру Алматы полициясы қызметінің негізгі басым бағыттарының бірі болып қала береді. Бұл бағытта құқық бұзушылықтың алдын алу, құқықтық ағарту және азаматтық қоғаммен өзара іс-қимыл мәселелеріне ерекше көңіл бөлінуде.
