"Жеңіл ақша болмайды": Жетісу облысында есірткіге қарсы форум өтті
Жетісу облысында есірткіге қарсы форум өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жетісу облысында құқық қорғау органдарының өкілдерін, полиция қызметкерлерін, танымал спортшылар мен өңір жастарын біріктірген ауқымды есірткіге қарсы форум өтті. Кездесудің негізгі мақсаты – есірткі қылмысының алдын алу және өскелең ұрпақтың зиянды әдеттерге қарсы берік ұстаным қалыптастыруы болды.
Жастармен ашық форматта өткен кездесуде Жетісу облысы полиция департаментінің бастығы Сарқытбай Құсаинов есірткі заттарының таралуы төндіретін нақты қауіптер мен оның ауыр салдары туралы баяндады. Қатысушылар өзара пікір алмасып, өзекті мәселелерді талқылады.
"Заң және тәртіп" бастамасын қолдауға қазақстандық танымал спортшылар – Қанат Ислам, Азамат Мұқанов, Елдос Әбікенов, Мерей Суинов және Ұлан Рысқұл арнайы қатысты. Олардың өмірлік тәжірибесі мен жетістіктері жастарға айқын үлгі болды: табыс пен абырой тек еңбек, тәртіп және салауатты өмір салты арқылы келеді, ал "жеңіл ақша" – алдамшы ұғым.
Форум барысында өңірдегі есірткіге қатысты ахуал да назардан тыс қалмады. Жыл басынан бері Жетісу облысында 70-тен астам құқық бұзушылық тіркеліп, заңсыз айналымнан 100 келіден астам есірткі заттары тәркіленген. Сонымен қатар алты есірткі жасырушы ұсталып, олардың барлығы жастар екені анықталған.
Құқық қорғау органдарының өкілдері есірткі қылмысының жеңіл табыс емес, керісінше өмірді құрдымға апаратын қауіпті жол екенін атап өтті. Есірткі таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік 14 жастан басталатыны да ескертілді.
Сарқытбай Құсаинов өз сөзінде:
- Біз жастардың қылмыстық әрекеттерге тартылып жатқанын көріп отырмыз. Біздің міндет – мұндай құқық бұзушылықтардың алдын алу. Әрбір жас түсінуі тиіс: жеңіл ақша болмайды, ал бір қателіктің құны тым жоғары болуы мүмкін. Заң бәріне ортақ, жауапкершілік міндетті, – деп атап өтті.
Бүгінде әрбір жас үшін дұрыс таңдау жасау маңызды: қауіпті жолға түсу немесе білім, денсаулық пен жарқын болашаққа бастар бағытты таңдау. Осындай кездесулер жастардың саналы шешім қабылдауына ықпал етеді.
