Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Кинологиялық қызметтің қырағы көмекшілері

Кинологиялық қызметтегі төрт аяқтылар күн сайын қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолында қызмет атқарады, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Сөйлей алмайды, бірақ табады. Бір иіспен қылмыстың ізін анықтайтын Түркістан облысы полиция департаментінің кинологтары мен олардың қызметтік иттері. Қылмыскер жасырынуы мүмкін, дәлел жоғалуы мүмкін, бірақ иіс жоғалмайды.

Кинолог пен ит арасындағы байланыс бұйрықпен емес, сеніммен құрылады. Қызметтік иттер есірткі мен жарылғыш заттарды анықтау, ізбен адам табу бағытында арнайы дайындықтан өтеді. Оларды күшік кезінен баптап, бірнеше жыл бойы бірге жаттықтырады.

Полиция старшинасы Мейіржан Абдразақовтың айтуынша, әр иттің мінезіне қарай бағыты анықталады. Бірі шабуылға, енді бірі іздеуге бейім. Әсіресе қоғамдық орындарда жұмыс істейтін иттердің сабырлығы аса маңызды.

Қауіпті сәттерде қызметтік иттер полицейлердің сенімді қорғанына айналады. Кинологтардың айтуынша, кей жағдайларда дәл осы иттер адам өмірін сақтап қалады.

Жас кинолог Бекназар Шатай да өз итімен бірге талай операцияға қатысқан. Оның айтуынша, қызметтік ит тек құрал емес, ол сенімді серік. Тіпті иесі жұмысқа шықпаса, тамақ ішпей қоятын кездері де болады.

Қызметтік иттер шамамен сегіз жыл бойы қызмет етеді. Осы уақыт ішінде олар полицияның үнсіз, бірақ ең сенімді көмекшісіне айналды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру