Көші-қон заңнамасы түсіндірілді: Екібастұзда кәсіпорын жұмысшыларымен кездесу өтті
Екібастұз қаласында көші-қон полициясының қызметкерлері "Проммашкомплект" кәсіпорнының жұмысшыларымен кездесу өткізді. Іс-шара ашық диалог форматында өтіп, көші-қон заңнамасының өзекті мәселелерін түсіндіруге бағытталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Кездесу барысында шетелдік азаматтарға ерекше назар аударылды. Полиция қызметкерлері ел аумағында болу ережелері, құжаттарды рәсімдеу тәртібі және Халыққа қызмет көрсету орталықтары (ХҚКО) арқылы тұруға ықтиярхат алу мүмкіндіктері туралы жан-жақты мәлімет берді.
Сондай-ақ қатысушыларға 16 жасқа толу кезеңіне қатысты маңызды жайттар түсіндірілді. Аталған жаста жеке басын куәландыратын құжаттарды уақытылы рәсімдеп, тиісті тіркеу рәсімдерінен өту қажеттігі атап өтілді.
Бұдан бөлек, Migration.kz сайтының мүмкіндіктері таныстырылды. Бұл платформа арқылы Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға қажетті тестілеуге дайындалуға болады. Мамандар тест тапсыру үдерісі, азаматтық алу тәртібі және отбасын біріктіру шарттары жөнінде де кеңінен ақпарат берді.
Кәсіпорын қызметкерлері белсенділік танытып, өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, көші-қон қызметі өкілдерінен толық әрі нақты жауап алды.
Кездесу соңында көші-қон полициясының бастығы Қанат Түсіпов заң талаптарын сақтаудың маңыздылығына тоқталды. Ол құжаттарды уақытылы рәсімдеу мен көші-қон нормаларын сақтау ел аумағында заңды әрі тұрақты өмір сүрудің негізгі кепілі екенін атап өтті.
