Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодарда полиция академиясына қабылдау алғаш рет толық цифрлық форматта өтуде

Павлодарда полицияның ведомстволық жоғары оқу орындарына қабылдау толық цифрлық форматта өтуде, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің ведомстволық жоғары оқу орындарына талапкерлерді қабылдау науқаны биыл алғаш рет толық цифрлық форматта ұйымдастырылуда. 15 шілдеден бастап барлық рәсімдер "Qyzmet-Police.kz" ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылып жатыр.

Павлодар облысында қазіргі таңда 40 талапкер дене шынықтыру нормативтерін тапсыру кезеңіне кірісті. Қабылдау процесінің ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз ету мақсатында барлық сынақтар бейнежазбаға түсіріліп, тікелей эфирде көрсетілуде. Сонымен қатар талапкерлердің ата-аналары да іріктеу барысын өз көздерімен бақылауға мүмкіндік алды.

Павлодар облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Жандос Орымбаевтың айтуынша, биылғы қабылдау науқанының басты ерекшелігі – үдерістің толықтай цифрландырылуы.

– Қабылдау алғаш рет толық ақпараттық жүйе арқылы ұйымдастырылып отыр. Бұл – конкурстық іріктеудің ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам. Алғашқы кезеңде талапкерлер құжаттарын электронды түрде тапсырды, сондай-ақ әскери-дәрігерлік комиссияның қорытындылары да жүйеде автоматты түрде көрініс табады. Нәтижесінде қағаз құжаттарды жинау, түрлі мекемелерге бару және артық рәсімдер айтарлықтай қысқарды. Енді дене шынықтыру нормативтері талапкерлердің тұрғылықты жері бойынша қабылдануда. Мұның барлығы талапкерлер мен олардың ата-аналарына қолайлы жағдай жасау үшін енгізілді, – деді ол.

Дене шынықтыру сынақтары аяқталғаннан кейін талапкердің материалдары жоғары оқу орнының қабылдау комиссиясына жолданады. Комиссия ҰБТ нәтижелерін, жеңілдіктердің бар-жоғын және ұсынылған құжаттарды зерделеп, шешімді тек конкурстық көрсеткіштер негізінде қабылдайды.

Ведомствоның мәліметінше, қабылдау науқанының барлық негізгі кезеңдері цифрлық жүйеде тіркеліп, талапкерлердің жеке кабинеттерінде көрсетіледі. Бұл үдерістің барынша ашық өтуіне мүмкіндік беріп, қабылдау комиссиясының жұмысына қоғамдық бақылауды күшейтеді.

Жаңа цифрлық формат талапкерлер үшін қолайлы жағдай жасап қана қоймай, полицияның ведомстволық жоғары оқу орындарына қабылдау рәсімдерінің ашықтығы мен әділдігін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру