Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО-да ювеналды полицейлер балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін күн сайын кешкі рейдтер өткізуде

СҚО-да ювеналды полицейлер балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін күн сайын кешкі рейдтер өткізуде, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Жасөспірімдерді түрлі келеңсіз жағдайлардан қорғау мақсатында кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторлар күн сайын Петропавл қаласы мен Солтүстік Қазақстан облысындағы көшелерді, аулаларды және өзге де қоғамдық орындарды патрульдейді. Рейд барысында олар түнгі уақытта заңды өкілдерінің қарауынсыз жүрген балаларды анықтайды.

Сонымен қатар полиция қызметкерлері тұрмыстық жанжалдар болған және кәмелетке толмаған балалар тәрбиеленіп жатқан отбасыларды да тексереді. Мұндай әрбір шақырту кезінде балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударылады: полиция қызметкерлері олардың тұрмыс жағдайын анықтап, ата-аналармен профилактикалық әңгіме жүргізеді және құқық бұзушылықтардың алдын алу шараларын қабылдайды.

Тек сәрсенбіден бейсенбіге қараған түні ғана Петропавл қаласында тоғыз әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Оның сегізінде жасөспірімдер түнгі уақытта ересектердің қарауынсыз көшеде жүрген болса, тағы бір жағдайда ата-аналар баланы тәрбиелеу және оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерін орындамаған.

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінде атап өткендей, тұрақты рейдтер құқық бұзушылықтардың алдын алуға және "Заң мен Тәртіп" қағидатын нығайтуға ықпал етеді.

Жыл басынан бері тек Петропавл қаласының өзінде Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 127-бабы бойынша 222 адам, ал 442-бабы бойынша 459 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Профилактикалық іс-шаралар жаңа оқу жылы басталғанға дейін жалғасады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру