Астана полициясының қызметтік иттері қалай дайындалады?
Астана қаласы полиция департаментінің кинологиялық қызмет орталығында 45 қызметтік ит бар. Олардың әрқайсысының өзіндік мамандануы бар. Кинологтармен бірге олар күн сайын арнайы дайындықтан өтеді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Төрт аяқты қызметкерлер негізгі бағыттар бойынша жұмыс істейді: иіс арқылы адамды іздеу, одорологиялық сәйкестендіру, есірткі заттары мен жарылғыш заттарды анықтау, сондай-ақ шабуылдаушы дайындық.
Орталықта неміс, бельгиялық, голландиялық және ортаазиялық овчаркалар, сондай-ақ ротвейлерлер қызмет етеді. Әр кинологқа бір қызметтік ит бекітіледі. Бір маманға екі жануардан артық бекітілмейді. Бұл ретте кинолог пен оның төрт аяқты серігі арасында ерекше байланыс болуы керек. Мамандардың айтуынша, ит пен кинологтың мінездері сәйкес келгені маңызды. Дәл өзара түсіністік пен сенім қызметтік міндеттерді тиімді орындауға мүмкіндік береді.
Жұмыс күні таңғы нұсқамадан басталады. Онда кинологтар жануарлармен жұмыс істеу кезіндегі қауіпсіздік ережелерін еске түсіреді. Осыдан кейін иттер серуенге шығарылады. Таңертең арнайы дайындық бойынша сабақтар басталады. Әр кинолог өзінің төрт аяқты серігін мамандану бағытына сәйкес жаттықтырады. Түстен кейін жалпы дайындық курсы бойынша сабақтар өткізіледі.
Болашақ қызметтік иттерді дайындау оларды іріктеу кезеңінен басталады. Тәжірибелі кинологтар мен орталық басшыларынан құралған арнайы комиссия иттің мінез-құлқы мен жұмыс қабілетін бағалайды.
Апорттау реакциясына — яғни ойнауға, допты әкелуге деген ынтасына, қорқыныштың болмауына және бұйрықтарды орындауға дайындығына ерекше көңіл бөлінеді.
Қызметтік иттерге күтім жасау да күнделікті жұмыстың маңызды бөлігі. Кинологтар өз серіктерінің жағдайын бақылап, тазалық жұмыстарын жүргізеді. Иттер күніне екі рет тамақтандырылады. Ал күнделікті медициналық тексеруді ветеринар дәрігер мен фельдшер жүргізеді.
Нәтижелі қызмет атқарып жүрген төрт аяқты қызметкерлердің бірі — есірткі заттарын іздеуге маманданған Бакс. Жыл басынан бері оның көмегімен есірткіні заңсыз тасымалдауға қатысты 30-дан астам дерек ашылды.
Қызметтік иттер құрамы азаматтардың көмегімен де толықтырылады. Кейде ит иелері жануарларын полицияға өтеусіз береді. Қызметке кіріспес бұрын ит арнайы тестілеуден өтіп, кәсіби комиссияның бағалауынан өтеді.
Әрбір ашылған қылмыс пен анықталған тыйым салынған заттың артында тек полицейдің еңбегі ғана емес, күнделікті жаттығу, тәртіп және кинолог пен оның төрт аяқты серігі арасындағы ерекше байланыс тұр.
