Жол қауіпсіздігі бақылауда: Ақтөбе облысында демалыс күндері бақылау күшейтілді
Ақтөбе облысында демалыс күндері бақылау күшейтілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Демалыс күндері Ақтөбе облысында полиция қызметкерлері күшейтілген режимде қызмет атқарып, негізгі назарды жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге аударды. Көшелерде патрульдеу жұмыстары күшейтіліп, автожолдар мен қоғамдық орындарда бақылау деңгейі артты.
Профилактикалық іс-шаралар барысында жол қозғалысы қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін құқық бұзушылықтарды анықтауға ерекше көңіл бөлінді. Нәтижесінде көлік құралын басқару құқығы жоқ 26 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Мас күйде көлік басқарудың 19 дерегі анықталды. Сондай-ақ скутерлер мен мопедтерді пайдалану қағидаларын бұзудың 29 жағдайы тіркелді.
Бұдан бөлек, түнгі уақытта заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз жүрген 60 кәмелетке толмаған жасөспірім полиция бөлімшелеріне жеткізілді.
Мұндай шаралар жол-көлік оқиғаларының алдын алуға, апаттылық деңгейін төмендетуге және жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
