Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақтөбеде оқушылар полиция департаментінің жұмысымен жақынырақ танысты

Ақтөбедегі "NEO – жаңа буын полицейлері" сыныбы полиция қызметімен танысты, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Ақтөбе қаласындағы Білім мектеп-гимназиясының оқушылары, атап айтқанда "NEO – жаңа буын полицейлері" сыныбы үшін құқықтық танымды кеңейту және болашақ мамандыққа кәсіби бағдар беру мақсатында танымдық экскурсия ұйымдастырылды.

Экскурсия барысында оқушылар Ақтөбе облысы полиция департаментінің бөлімшелерінің жұмысымен жақынырақ танысты. Алдымен олар жылдам қимылдайтын арнайы жасақ қызметкерлерімен кездесіп, арнайы жасақтың күнделікті қызметі, кәсіби даярлығы және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі маңызды міндеттері туралы ақпарат алды.

Келесі кезекте оқушылар жедел басқару орталығының жұмысымен танысты. Бейнебақылау жүйелері арқылы қаладағы қоғамдық тәртіптің тәулік бойы қадағаланып отыратыны, құқық бұзушылықтарға жедел ден қою және ақпаратты нақты уақыт режимінде өңдеу тетіктері көрсетілді.

Сонымен қатар экскурсия аясында ішкі істер мұражайы таныстырылып, полиция органдарының қалыптасу тарихы, қызметтік дәстүрлері және әр кезеңге тән жәдігерлер ұсынылды.

Криминалистика бөлімінде мамандар оқиға орнын қарау, айғақтарды анықтау және бекіту, сондай-ақ түрлі іздерді зерттеу барысында қолданылатын арнайы техникалық құралдарды көрсетіп, олардың тәжірибедегі маңызына тоқталды.

Осындай тағылымды кездесулер жасөспірімдердің құқықтық мәдениетін қалыптастырып, заң мен тәртіпке деген құрметін арттыруға және болашақ мамандықты саналы таңдауға ықпал етеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру