Батырлықтан басталған өмір жолы: ардагер полицейдің тағылымы
Ауған соғысы – талай жастың тағдырын өзгертіп, жүректерге өшпес із қалдырған тарихи кезең. Сол сын сағатта Отан алдындағы борышын абыроймен өтеп, елге аман оралған азаматтардың бірі – Ішкі істер органдарының ардагері Мұхтар Азимов туралы Polisia.kz сайтынан оқыңыздар.
1968 жылы Атырау қаласында дүниеге келген ол еңбекқор отбасында тәрбиеленіп, жастайынан тәртіп пен жауапкершілікке баулынды. 1986 жылы әскер қатарына шақырылып, Түрікменстанның Ашхабад қаласында сержанттық дайындықтан өткен соң, Ауғанстанға жіберілді. Қауіп-қатерге толы соғыс жылдары оның өмірге деген көзқарасын түбегейлі өзгертті. Кандагар провинциясында жүргізілген операциялардың бірінде ол қоршауда қалған сарбаздарды құтқаруға қатысып, көрсеткен ерлігі үшін Кеңес Одағының "За отвагу" медалімен марапатталды.
- Сол кезең маған елдің тыныштығы мен халықтың амандығының қаншалықты қымбат екенін түсіндірді, – дейді ардагер.
Әскерден кейін Мұхтар Қашқынбайұлы ішкі істер органдарындағы қызметін бастап, жол-патрульдік полиция инспекторынан полиция полковнигіне дейінгі жолдан өтті. Ол рота командирі, бөлім басшысы, тіркеу-емтихан бөлімінің жетекшісі сынды бірқатар жауапты қызметтерді абыроймен атқарды. Еңбегі еленіп, бірнеше мәрте Ішкі істер министрлігінің марапаттарына ие болды.
Бүгінде зейнеткерлікке шыққанымен, белсенді өмір салтын ұстанып, кәсіпкерлікпен айналысады. Отбасында да өнегелі әке ретінде ұрпақ тәрбиелеп отыр. Ұлдарының бірі заң саласында еңбек етсе, екіншісі әке жолын жалғап, полиция қызметкері атанған.
- Әкем әрдайым бізге үлгі болды. Оның жолын жалғастыру – мен үшін үлкен жауапкершілік, – дейді Бекет Мұхтаров.
Мұхтар Қашқынбайұлының өмір жолы – ерлік пен еңбектің, адалдық пен табандылықтың айқын көрінісі. Оның тағдыры – жас ұрпаққа үлгі, ал "адал еңбек ету керек" деген қарапайым қағидасы – үлкен өмірлік ұстаным.
