Спорттан қызметке дейін: әке жолын жалғаған Бақытжан Әбілхасан
Қазіргі таңда жастар өмір жолын түрлі бағытта таңдайды: бірі спортта шыңдалса, енді бірі ғылым мен қызмет саласында өзін дәлелдеуге ұмтылады. Ал осы бағыттардың бәрін ұштастырып, елге қызмет етуді мақсат еткен жас буынның бірі – Бақытжан Әбілхасан. Ол туралы Polisia.kz сайтынан оқыңыздар.
Бақытжан – таэквондодан кадеттер арасында әлем чемпионы атанған спортшы. Бүгінде ол спорттағы жетістігін ел алдындағы жауапты қызметпен ұштастырып, Қызылорда облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №37 мекемесінде бақылаушы қызметін абыроймен атқарып келеді.
2003 жылы Түркістан облысы Сарыағаш қаласында дүниеге келген ол көпбалалы отбасында тәрбиеленген. Үш інісі мен екі қарындасына үлгі бола білген Бақытжан бала кезінен тәртіп пен жауапкершілікті бойына сіңіріп өсті.

Оның өмір жолына үлкен әсер еткен тұлға – әкесі, полиция подполковнигі Сапарғали Нарбаев. Ол Қызылорда облыстық полиция департаментінде арнайы жасақ командирі қызметін атқарып, спортта да биік белестерді бағындырған тәжірибелі маман. Әкенің табандылығы мен өмірлік ұстанымы ұлының тұлға болып қалыптасуына тікелей ықпал етті.
Спортқа қызығушылығы Бақытжанның бала кезінен басталды. Әкесі оны бес жасында таэквондо үйірмесіне берген сәттен бастап оның үлкен спорттағы жолы ашылды. Кейін ол Астана қаласындағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы спорт интернат-колледжінде, одан соң Алматыдағы Қаркен Ахметов атындағы спорт интернатында білім алып, 2024 жылы оқуын аяқтады.
2017 жылы Египеттің Шарм-эль-Шейх қаласында өткен әлем чемпионатында топ жарып, Қазақстанның тұңғыш таэквондо әлем чемпионы атанды. Бұл жетістік оның ғана емес, ел спорты тарихындағы айтулы оқиға болды. Сонымен қатар ол халықаралық жарыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері.
Спорттағы биік жетістіктеріне қарамастан, Бақытжан 2024 жылдың қаңтар айында ішкі істер органдарының қатарына қосылып, ел қауіпсіздігі жолындағы қызметті таңдады.
- Спорт мені тәртіпке, төзімділікке үйретті. Татамиде жеңіс үшін күрестім, енді қызметте Отан үшін күресемін. Антқа адал болу – мен үшін жай сөз емес, бұл өмірлік қағида, – дейді ол.
Бүгінде Бақытжан тек қызметкер ғана емес, салауатты өмір салтын насихаттаушы жас маман. Ол спортты тастамай, күнделікті жаттығулар арқылы әріптестеріне үлгі көрсетіп жүр.
Әкенің тәжірибесі мен спорттағы шыңдалу Бақытжан Әбілхасанның өмір жолында маңызды рөл атқарды. Оның тағдыры – табандылық пен тәртіптің, елге адал қызмет етудің жарқын үлгісі.
