Өскеменде студенттерге арналған ашық диалог алаңы ұйымдастырылды
Өскеменде студенттерге арналған ашық диалог алаңы ұйымдастырылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде есірткі қылмысының алдын алу мәселелеріне арналған ашық диалог алаңы ұйымдастырылды. Іс-шараны ШҚО полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері өткізді.
Кездесу студенттер арасында үлкен қызығушылық тудырып, университеттің әртүрлі факультеттерінен 200-ден астам жас қатысты. Форматтың ерекшелігі – дәстүрлі дәріс емес, ашық пікір алмасу алаңы болуы. Негізгі мақсат – жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру және зиянды әдеттерге қарсы саналы көзқарас қалыптастыру.

ШҚО ПД ЕҚҚІҚБ жедел уәкілі Мади Қалиақпаров өңірдегі есірткі жағдайына қатысты талдау жасап, қылмыстық және әкімшілік заңнама нормаларын нақты мысалдармен түсіндірді.
Диалогқа "Халифа Алтай" мешітінің наиб-имамы Ербол Саргелов та қатысып, жастарды рухани құндылықтарға сүйенуге, салауатты өмір салтын таңдауға шақырды.
Кездесу соңында студенттер мамандарға сұрақтарын қойып, ашық пікір алмасты. Бұл формат жастар мен сарапшылар арасындағы сенімді диалогтың тиімділігін көрсетті.
