Атырауда дропперлікке қатысты арнайы эксперимент өтті
Атырауда дропперлікке қатысты арнайы эксперимент өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Атырау облысы полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы интернет-алаяқтықтың алдын алу және тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында ірі сауда орталықтарының бірінде дропперлік әрекеттерге қатысты арнайы профилактикалық эксперимент ұйымдастырды.
Эксперимент барысында азаматтарға дропперлік схемалардың қалай жүзеге асырылатыны тәжірибе жүзінде көрсетілді. Атап айтқанда, сауда орталығында белгісіз қыз келушілердің біріне жақындап, туысына шұғыл түрде ақша аудару қажет екенін айтып, өз шотына 4 мың теңге аударып беруін сұраған және оның орнына қолма-қол ақша ұсынған.
Кейіннен полиция қызметкерлері бұл тәсілдің интернет-алаяқтар жиі қолданатын айлаларының бірі екенін түсіндіріп, мұндай жағдайда азаматтар өздері байқамай заңсыз қаржылық операцияларға қатысушыға айналып кетуі мүмкін екенін ескертті.
Айта кетейік, жыл басынан бері облыс аумағында 350-ден астам интернет-алаяқтық дерегі тіркелген. Ал Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 232-1-бабы, яғни дропперлік әрекеттерге қатысты 5 қылмыстық іс сотқа жолданған. Бұл бағыттағы жұмыстар киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының тұрақты бақылауында.
Эксперимент барысында полиция қызметкерлері тұрғындарға бөгде адамдардың өтініші бойынша ақша аудармауға, жеке банк деректерін үшінші тұлғаларға бермеуге және күмәнді қаржылық ұсыныстардан бас тартуға кеңес берді.
