Жетісу облысында полицейлер тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізуде
Жетісу облысында полицейлер тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізуде, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазақ даласының дәстүрлі өмірінде мал шаруашылығы әрдайым ерекше орын алған. Қазақ халқы үшін ет пен мал өнімдері ежелден негізгі азық көзі болса, төрт түлік — тұрмыс пен берекенің, ұлттық мәдениеттің ажырамас бөлігі саналған. Ұлы ойшыл әрі ақын Абай Құнанбайұлы да өз қара сөздерінде елдің әл-ауқаты мен тұрақтылығы жер мен малға деген ұқыпты көзқараспен тікелей байланысты екенін атап өткен.
Малды жайылым іздеп айдап көшу — ауылдық жерлер үшін қалыпты әрі қажетті үрдіс. Бұл іспен тәжірибелі бақташылар айналысып, мал қозғалысын бақылап, қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Дегенмен, барлық сақтық шараларына қарамастан, кей жағдайларда малдың кенеттен жолға шығып кетуі жол-көлік оқиғаларына себеп болуы мүмкін.
Осындай қауіптердің алдын алу мақсатында Жетісу облысының полиция қызметкерлері ауылдық елді мекендерде және мал жиі өтетін автожол учаскелерінде тұрғындар арасында тұрақты түрде профилактикалық және түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді.
Бүгін “ҚазАвтоЖол” ұлттық компаниясының өкілдерімен бірлесіп, жол қауіпсіздігін арттыруға бағытталған жаңа бастама көтерілді — ауыл шаруашылығы жануарларын жарық шағылыстыратын элементтермен жабдықтау. Бұл қарапайым әрі тиімді шешім әсіресе түнгі уақытта маңызды, өйткені қараңғыда жолға шыққан малды жүргізушілердің дер кезінде байқауы қиынға соғады.
Полиция қызметкерлерінің айтуынша, малға жарық шағылыстыратын ленталар тағу жол-көлік оқиғаларының қаупін едәуір төмендетіп, жүргізушілер мен мал иелерінің қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді.
Құқық қорғау органдары бақташылар мен мал иелерін қауіпсіздік мәселесіне жауапкершілікпен қарап, әсіресе автожол бойымен мал айдау кезінде жарық шағылыстыратын элементтерді пайдалануға шақырады.
— Жолдағы қауіпсіздік — баршаға ортақ жауапкершілік. Қарапайым сақтық шаралары адам өмірін сақтап, қайғылы жағдайлардың алдын алуға көмектеседі, — деп атап өтті полицияның баспасөз қызметі.
