Алматыда ойын-сауық мекемесінің жұмысы уақытша тоқтатылды
Алматыда ойын-сауық мекемесінің жұмысы уақытша тоқтатылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы қаласында жүргізілген рейдтік іс-шаралар барысында Жетісу аудандық полиция басқармасының қызметкерлері түнгі уақытта заңды өкілдерінің қарауынсыз ойын-сауық мекемесінде жүрген кәмелетке толмаған жасөспірімді анықтады.
Тексеру қорытындысы бойынша мекеме иесіне қатысты Қазақстан Республикасының кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық орындарына баруын реттейтін заңнамасын бұзу фактісі бойынша әкімшілік іс қозғалды.
Уәкілетті орган материалдарды қарау нәтижесінде әкімшілік айыппұл салып, сондай-ақ мекеме қызметін уақытша тоқтату туралы шешім қабылдады.
- Мұндай фактілерге жол берілмейді. Заң баршаға ортақ, ал ойын-сауық мекемелерінің иелері кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғауға қатысты талаптарды қатаң сақтауға міндетті. Бұл бағыттағы бақылау жүйелі түрде жалғасады. Алдын алу және профилактикалық жұмыстар күшейтіледі. Басты мақсат — тек құқық бұзушылықтарды анықтау емес, түнгі уақытта жасөспірімдердің бақылаусыз қалып, түрлі қауіп-қатерге тап болуына жол бермеу, — деді Жетісу аудандық полиция басқармасының бастығы Ілияс Өмірсеріков.
Полиция кәмелетке толмағандарды түнгі уақытта ойын-сауық орындарына кіргізгені үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын еске салады. Заң талаптарын бұзғандарға айыппұл салынып, мекеме қызметі уақытша тоқтатылуы мүмкін.
