Абай облысында полицейлер ереже бұзған жаяу жүргіншілерге ескерту жасады
Абай облысында полицейлер ереже бұзған жаяу жүргіншілерге ескерту жасады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай облысының аумағында жаяу жүргіншілердің жолды белгіленбеген жерден кесіп өтіп, өз өмірі мен айналасындағылардың қауіпсіздігіне қатер төндіру жағдайлары жиі кездесуде. Соңғы деректерге сәйкес, жыл басынан бері 1456 жаяу жүргінші жол қозғалысы ережелерін бұзып, жолды рұқсат етілмеген жерден кесіп өткен.
Белгіленбеген жерден жолды кесіп өту жүргізушілердің дер кезінде әрекет етуіне кедергі келтіріп, адам өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіретін жол-көлік оқиғаларына себеп болуы мүмкін.
Осыған байланысты Абай облысында полицейлер азаматтарды жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Құқық қорғау органдары құқық бұзушылықтарды анықтап, жауапкершілікке тартумен қатар, алдын алу шараларын да күшейтуде. Атап айтқанда, патрульдік бақылау жұмыстары күшейтіліп, оқу орындары мен қоғамдық орындарда түсіндіру шаралары жүргізілуде. Сонымен қатар жол қауіпсіздігі мәдениетін қалыптастыруға бағытталған ақпараттық науқандар ұйымдастырылуда.
Полиция жаяу жүргіншілерге төмендегі қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауды ескертеді:
• Жолды тек белгіленген жаяу жүргіншілер өткелі арқылы кесіп өтіңіз;
• Бағдаршамның сигналына назар аударып, жасыл шам жанғанда ғана қозғалыңыз;
• Жолдан өтпес бұрын алдымен сол және оң жаққа қарап, көліктің толық тоқтағанына көз жеткізіңіз;
• Құлаққап тағып немесе телефонға алаңдап жолдан өтуден аулақ болыңыз;
• Кешкі және қараңғы уақытта жарық шағылыстырғыш элементтерді пайдаланыңыз;
• Жолдың жүріс бөлігін белгіленбеген жерден кесіп өту заң аясында жауапкершілікке әкеп соғатынын ұмытпаңыз.
Жол қауіпсіздігі – әр азаматтың ортақ міндеті. Өз өміріңіз бен өзгенің қауіпсіздігіне бейжай қарамаңыз.
