Криминалистің бір күні: көзге көрінбейтін іздер қылмысты ашуға қалай көмектеседі
Қала тыныш өмірін жалғастырып жатқанда, криминалистер үшін әрбір ұсақ деталь — қылмыстың бетін ашуға көмектесетін маңызды дәлел. Саусақ ізі, көзге әрең байқалатын аяқ киім ізі немесе оқиға орнындағы микробөлшек — бәрі де тұтас оқиғаны қалпына келтіруге негіз бола алады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Үржар аудандық полиция бөлімінің аға криминалисі Қанат Шыныбаевтың жұмыс күні алдын ала жоспарланған кабинеттегі іспен емес, кез келген сәтте оқиға орнына шығуға дайындықтан басталады. Бұл қызметте бірдей күн тәртібі жоқ — әрбір шақырту жоғары зейінділік пен кәсіби дәлдікті талап етеді.
Оқиға орнын қарау, айғақтарды тіркеу, сараптамалық құралдармен жұмыс істеу, фото-видео фиксация жасау, іздерді алу және қылмысты ашу процесіне қатысу — криминалист қызметінің негізгі бөлігі. Тергеудің нәтижесі көбіне осы жұмыстың сапасына тікелей байланысты.

- Біздің міндетіміз — көзге байқалмай қалуы мүмкін детальды көру. Кейде ең ұсақ іздің өзі қылмыстың бүкіл картинасын ашуға жол сілтейді, - дейді Қанат Шыныбаев.
Ол ішкі істер органдарындағы қызметін 2014 жылы ҚР ІІМ Алматы академиясын тәмамдаған соң бастаған. Алғашқы тәжірибесін Өскемен қаласында жинақтап, кейін туған жері Үржарға оралып, бүгінде аға криминалист ретінде қызметін жалғастыруда.
Бұл мамандық сырт көзге тыныш көрінгенімен, артында үлкен жауапкершілік, аналитикалық ойлау және дәлдікке негізделген күнделікті еңбек жатыр.
