Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ІІМ балалардың интернеттегі қауіпсіздігі бойынша жадынама жариялады

Ішкі істер министрлігі ата-аналарды цифрлық сауаттылыққа және балаларын интернет кеңістігінде қорғауға көбірек көңіл бөлуге шақырып, онлайн қауіпсіздік бойынша жадынама ұсынды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Полиция ата-аналарды балаларымен бірге негізгі цифрлық қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырады. Әсіресе бала алғашқы смартфонын алған кезде немесе әлеуметтік желіде алғашқы аккаунтын ашқан кезде бұл аса маңызды.

Негізгі ұсыныстардың бірі - ата-ана бақылауы функциясын пайдалану. Мұндай бағдарламалар қажетсіз контентті көрсетпеуге, қауіпті сайттарды шектеуге, қарым-қатынасты бақылауға және баланың жеке деректерін қорғауға көмектеседі.

Сондай-ақ ІІМ қосымшалар мен ойындардың жас ерекшелігіне қатысты шектеулерін сақтауға, баланың жасына сай контент таңдауға және жасөспірімдердің аккаунттарындағы құпиялылық баптауларын реттеуге кеңес береді.

Экран алдында өткізілетін уақытқа да ерекше назар аударылады. Интернетте шамадан тыс отыру баланың денсаулығы мен психо-эмоционалдық жағдайына кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан онлайн және офлайн белсенділіктің арасындағы тепе-теңдікті сақтау маңызды.

Ата-аналарға балалармен интернеттегі қарым-қатынас ережелерін алдын ала талқылау ұсынылады: бейтаныс адамдармен хат алмаспау, жеке мәліметтерді, фотосуреттерді, мекенжайды немесе отбасы туралы ақпаратты ешкімге жібермеу қажет.

Бұдан бөлек, ведомство интернет-алаяқтық қаупі туралы да ескертеді. Балалар мен жасөспірімдер онлайн ойындарда, маркетплейстерде және әлеуметтік желілерде алаяқтардың құрбанына айналуы мүмкін. Сондықтан ересектер онлайн-сатып алуларды бақылап, цифрлық қауіпсіздік негіздерін түсіндіруі тиіс.

- Цифрлық қауіпсіздік - бұл тыйым салу емес, ата-ана мен бала арасындағы қамқорлық, сенім және ортақ жауапкершілік, - деп атап өтті ІІМ.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру