Қарағандыда велосипед ұрлығы әшкереленді
Қарағанды қаласындағы Ә. Бөкейхан атындағы аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері велосипед ұрлығымен айналысқан күдіктілердің әрекетін әшкерелеп, бірнеше ұрланған мүлікті заңды иелеріне қайтарды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Кезекші бөлімге 45 жастағы қала тұрғынының велосипеді ұрланғаны туралы хабарлама түскеннен кейін полицейлер жедел-іздестіру шараларын қолға алды. Нәтижесінде тәртіп сақшылары 34 жастағы жергілікті тұрғынның ізіне түсіп, оның қатысы бар орындарды тексеру барысында танысына тиесілі сарайдан іздеуде жүрген велосипедпен бірге тағы төрт екі дөңгелекті көлік құралын анықтады. Тексеру кезінде олардың да ұрланғаны белгілі болды.
Жүргізілген кешенді іс-шаралар нәтижесінде бірқатар жәбірленушілер анықталып, бұған дейін полицияға ресми түрде жүгінбеген бірнеше ұрлық дерегі ашылды. Атап айтқанда, өткен жылдың маусым айында 34 жастағы қала тұрғыны 50 мың теңге тұратын велосипедінен айырылған. Шілде айында осындай жағдай 30 жастағы азаматқа қатысты тіркелсе, тамыз айында 19 жастағы тұрғынның құны 100 мың теңгелік велосипеді ұрланған.
Сонымен қатар 10 мамыр күні 36 жастағы қарағандылықтың велосипеді қолды болғаны белгілі болды. Бұл дерек бойынша келтірілген шығын көлемі 90 мың теңгені құрады. Аталған фактіге байланысты 16 жастағы жасөспірім анықталып, полицияға жеткізілді.
Қазіргі уақытта барлық деректер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Айғақты заттар тәркіленіп, қылмыстық іс материалдарына тіркелді.
Полицейлер ұсталған тұлғалардың өңір аумағында жасалған өзге де осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығын тексеріп жатыр.
