Алматыда полицейлер шатырлар мен кіреберістерге бақылауды күшейтті
Алматыда полицейлер шатырлар мен кіреберістерге бақылауды күшейтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы қаласының Алмалы аудандық полиция басқармасы суицидтің, құқық бұзушылықтардың алдын алу және өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарға дер кезінде көмек көрсету мақсатында "Шатыр" жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізуде.
Іс-шара аясында көпқабатты тұрғын үйлердің шатырлары, жертөлелері, кіреберістері және қауіп төндіруі мүмкін өзге де орындар ерекше бақылауға алынды.
Полицейлер аталған аумақтарда жастардың бейберекет жиналуына жол бермеу, құқыққа қайшы әрекеттердің, соның ішінде есірткі заттарын қолдану фактілерінің және басқа да құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында тексеру жұмыстарын жүргізуде.
Сонымен қатар полиция қызметкерлері тұрғындармен профилактикалық түсіндіру жұмыстарын өткізіп, жасөспірімдердің эмоционалдық жағдайына назар аударудың маңызын түсіндіруде. Тәртіп сақшылары жақын адамдардың мінез-құлқы мен көңіл күйіндегі өзгерістерге бейжай қарамауға және қажет болған жағдайда дер кезінде көмекке жүгінуге шақырады.
Жұмыстар коммуналдық қызметтермен және өзге де уәкілетті органдармен бірлесіп жүргізілуде. Негізгі мақсат — құқық бұзушылықтарға жағдай жасайтын факторларды жою, азаматтардың өмірі мен денсаулығына төнетін қауіптердің алдын алу.
Іс-шараның басты бағыты — қайғылы жағдайлардың, оның ішінде суицид әрекеттерінің алдын алу, құқыққа қайшы әрекеттердің жолын кесу, сондай-ақ қауіпсіз қалалық орта қалыптастыру және тұрғындардың полицияға деген сенімін нығайту.
Алмалы аудандық полиция басқармасының бастығы Мақсат Пшан профилактиканың қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі маңызды рөлін атап өтті.
— Біздің міндет — тек құқық бұзушылықтан кейін әрекет ету емес, оның алдын алу. Біз шатырларды, жертөлелерді және тұрғын үйлердің өзге де қауіпті аумақтарын бақылауға алып, жастар жиналуы мүмкін орындарды тұрақты тексеріп отырмыз. Суицидтің алдын алу мен жастардың заңсыз әрекеттерге тартылуына жол бермеуге ерекше назар аударылады. Әр тұрғын қауіпсіздік бір-біріне деген жанашырлық пен сергектіктен басталатынын түсінуі қажет. Кез келген күмәнді немесе алаңдатарлық жағдай байқалса, дер кезінде көмекке жүгінген жөн, — деді ол.
