Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Бабайбековтер әулеті: құқық қорғау саласындағы 130 жылдық еңбек

Отбасы күні қарсаңында ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан адал қызметтің жарқын үлгісіне айналған Қарағанды облысы Қарқаралы ауданының тумасы — Бабайбековтер әулеті туралы ерекше мақтанышпен айтуға болады, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Тағдырын ішкі істер органдарымен байланыстырған бұл отбасы құқықтық тәртіпті қорғаудағы сабақтастық пен мамандыққа деген адалдықтың айқын үлгісін көрсетіп келеді.

Әулеттің негізін қалаған — Амангелді Бабайбеков. Ол 1945 жылы дүниеге келген. Ішкі істер органдарындағы еңбек жолын 1969 жылы бастап, қатардағы милиционерден Қарқаралы аудандық ведомстводан тыс күзет бөлімінің бастығы қызметіне дейін көтерілді. Саналы ғұмырын ел тыныштығы мен қоғамдық тәртіпті сақтауға арнаған ардагер әрдайым мінсіз беделімен, кәсібилігімен және абыройына дақ түсірмеген адал еңбегімен ерекшеленді.

Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де Амангелді Әлжанұлы қоғамдық жұмыстардан қол үзбей, аудандық ішкі істер органдары ардагерлер кеңесін басқарды. Ол 2025 жылы өмірден өтіп, артында өнегелі жол мен өшпес із қалдырды.

Әке жолын жалғастырған үлкен ұлы Қуат 1995 жылы полиция қатарына қабылданды. Қызметін патрульдік-постық полиция қызметкері ретінде бастап, кейін полк ротасының командирі дәрежесіне дейін көтерілді. Амангелді ақсақалдың үлкен қызы Ақбөпе де ішкі істер органдарында қызмет етіп, қылмыстық-атқару жүйесінде абыройлы еңбек жолынан өтті. Бүгінде ол да ағасы секілді құрметті демалыста.

Отбасылық дәстүрді әулеттің кенже буыны да жалғастырды. Ортаншы қыз Ақерке мен кенже қыз Ақмарал құқық қорғау саласын таңдады. ҚарМУ-ды «педагог-филолог» мамандығы бойынша тәмамдаған Ақерке алғашында өмірін ұстаздықпен байланыстырмақ болған. Алайда тағдыр оны полиция қызметіне алып келді. Ол 1999 жылы ішкі істер органдарына қызметке орналасып, осы салада өмірлік серігін де жолықтырды. Жолдасы Нұрболат та полиция қызметіне өмірін арнаған жан. Қазір екеуі де құрметті демалыста.

Әулет дәстүрі бүгінгі буынмен де жалғасып келеді. Ақерке мен Нұрболаттың үлкен қызы Салтанат Әзірбек ата-анасы еңбек жолын бастаған Ә. Бөкейхан атындағы полиция бөлімінде қызмет атқарады.

Бабайбековтер әулетінің құқық қорғау саласындағы жалпы еңбек өтілі 130 жылдан асады. Бұл — адалдықтың, абыройдың және ел қауіпсіздігі жолындағы үздіксіз қызметтің жарқын көрінісі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру