Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Бес бала тәрбиелеп отырған полицейдің қызметтік жолы

Отбасы күні – күнтізбедегі жай ғана мереке емес, әр қызметкер үшін ең жақын жандардың қадірін сезіндіретін ерекше сәт. Жылдам қимылдайтын арнайы жасақтың саптық бөліністері инспекторы Нұржан Қабдрахманов үшін де отбасы – қызметтегі табандылық пен жауапкершіліктің басты тірегі, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Нұржан Нұрбекұлы Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданының Гагарино ауылында еңбек пен тәрбие қатар бағаланған отбасында тәрбиеленген. Анасы педагогика саласына өмірін арнаса, әкесі өз ісінің нағыз шебері болған. Анасының бала күнгі арманы – ұлының полиция қызметкері болуы еді. Кейін ол сол асыл тілекті жүзеге асырып, бұл мамандықты өмірлік жолына айналдырды. Бүгінде ата-анасы оның кәсіби қалыптасуындағы басты тәлімгері әрі мақтанышы болып отыр.

Құқық қорғау саласындағы еңбек жолы заң колледжін тәмамдап, әскери қызметтен кейін басталған. Оның алғашқы маңызды тәжірибелерінің бірі өрт сөндіру бөліміндегі қызметі болды. Бұл кезең оның ерік-жігерін шыңдап, кейін 2012 жылдан бастап ішкі істер органдарындағы қызметіне негіз қалады.

Бүгінде полицей – бес баланың әкесі. Жұбайымен бірге екі қыз, үш ұл тәрбиелеп отыр. Отбасында тәртіп пен спорт, жылулық пен өзара қолдау үйлесім тапқан. Балалары да әке жолын жалғауға ұмтылып, спортта жетістіктерге жетіп келеді. Ал ұлы Сұлтан әкесінің кәсібін таңдап, болашақта құқық қорғау саласында қызмет етуді мақсат еткен.

— Мен өз таңдауымды мақтан тұтамын. Бес балаға тірек болу мен ел тыныштығын күзету – үлкен жауапкершілік. Біздің қызметіміз олардың бейбіт болашағы үшін, — дейді Нұржан Қабдрахманов.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру