Заң мен дәлдікке негізделген қызмет
Ашылған қылмыстың ар жағында көпшілікке көріне бермейтін үлкен еңбек жатыр. Қылмыстық іс материалдарын зерделеу, деректерді саралау, оқиға орнына бару, куәлармен жұмыс істеу және процестік құжаттарды әзірлеу – тергеушінің күнделікті қызметінің негізгі бағыттары, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Полиция қызметкері Жанна Кайнолдина Өскемен қаласы полиция басқармасының Ертіс полиция бөлімінде тергеуші болып қызмет атқарады. Ол кәсіби білімін жетілдіруге де ерекше мән береді. Академияда білім алып, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқық қорғау органдары академиясында магистр дәрежесін иеленген.
- Біздің жұмысымыз кабинетпен ғана шектелмейді. Материалдарды мұқият зерделеп, деректерді салыстырып, әрбір детальға мән беру қажет. Тергеудің нәтижесі осыған байланысты, – дейді Жанна.
Тергеушінің жұмыс күні әрдайым алдын ала белгіленген жоспарға сай өте бермейді. Күн қылмыстық іс материалдарын зерделеуден басталып, қажет болған жағдайда оқиға орнына шығумен жалғасады. Мұнда оқиға орнын дұрыс тіркеу, дәлелдемелерді жинау және істің мән-жайын жан-жақты анықтау маңызды.
Одан кейін жұмыс полиция бөлімінде жалғасады. Жиналған материалдар сараланып, куәлардан жауап алынып, қажетті процестік әрекеттер жүргізіледі. Әрбір қадам заң талаптарына сай рәсімделіп, тиісті құжаттар әзірленеді.
Тергеу жұмысында ұсақ-түйек болмайды. Бір қарағанда елеусіз көрінген деталь кейде оқиғаның мән-жайын анықтап, маңызды дәлелге айналуы мүмкін. Сондықтан тергеушіден кәсіби біліммен қатар, мұқияттылық, логикалық ойлау және жоғары жауапкершілік талап етіледі.
Тергеушінің бір күні – осындай. Бұл – әрбір дерекке мән беріп, заң талаптарын қатаң сақтауды және адам тағдырына жауапкершілікпен қарауды қажет ететін қызмет.
