Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодар облысында полицейлер жақындарына қызметінің қыр-сырын көрсетті

Павлодар облысында Отбасы күні қарсаңында патрульдік полиция батальонының қызметкерлері жұбайлары мен балаларына арнап ашық есік күнін ұйымдастырды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Іс-шара барысында полицейлердің жақындары олардың күнделікті қызметімен танысып, жұмыс барысын өз көздерімен көрді. Қонақтарға қызметтік автокөліктер, арнайы техника мен қызметтік міндеттерді орындау кезінде қолданылатын жабдықтар таныстырылды.

Кездесудің ерекше бөлімі – жедел қимыл арнайы жасағы қызметкерлерінің көрсетілімі болды. Қонақтарға арнайы техника мен жабдықтардың мүмкіндіктері көрсетіліп, оларды қауіпсіз пайдалану талаптары түсіндірілді.

Сондай-ақ кинологиялық қызмет мамандары қызметтік иттердің есірткі заттарын анықтау кезіндегі дағдыларын көрсетті. Балалар төрт аяқты көмекшілердің жұмысына ерекше қызығушылық танытты.

Іс-шарада балаларға да арнайы бағдарлама ұйымдастырылды. Аниматорлар түрлі ойындар мен байқаулар өткізіп, сабын көпіршіктері шоуы бүлдіршіндерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Кездесу мерекелік дастархан басындағы еркін әңгімемен жалғасты. Қызметкерлердің отбасы мүшелері бірге уақыт өткізіп, алған әсерлерімен бөлісті.

Мұндай кездесулер полицейлердің жақындарына олардың қызметінің ерекшелігі мен жауапкершілігін түсінуге мүмкіндік береді. Ал қызметкерлер үшін бұл – күн сайынғы еңбегіне қолдау көрсетіп, түсіністік танытып жүрген отбасына алғыс білдірудің жақсы мүмкіндігі.

Ашық есік күні жылы қарым-қатынас пен отбасылық құндылықтарды дәріптеген мазмұнды кездесуге айналды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру