ШҚО-да отбасылық жанжалдардың профилактикасы күшейтілді
ШҚО-да отбасылық жанжалдардың профилактикасы күшейтілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық – қатаң құқықтық шаралармен қатар, жүйелі профилактиканы талап ететін өзекті әлеуметтік мәселелердің бірі. Отбасылық жанжалдардың алдын алу, қауіптің алғашқы белгілерін дер кезінде анықтау және қайталанатын құқық бұзушылықтарға жол бермеу – полицияның басты міндеттерінің қатарында.
Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің қызметкерлері профилактикалық есепте тұрған отбасыларды тұрақты түрде аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Полиция қызметкерлері отбасындағы ахуалды бағалап, заң талаптарын сақтаудың және құқық бұзушылық жасағаны үшін жауапкершіліктің маңызын түсіндіреді.
Кәмелетке толмаған балалар тәрбиеленіп отырған отбасыларға ерекше назар аударылады. Балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында полиция жергілікті атқарушы органдармен, әлеуметтік қорғау және білім беру саласының мамандарымен, сондай-ақ басқа да мүдделі ұйымдармен бірлесіп жұмыс жүргізуде.
Өңірде зорлық-зомбылықтан зардап шеккен азаматтарға көмек көрсететін дағдарыс орталықтары мен баспаналар да жұмыс істейді. Жыл басынан бері Шығыс Қазақстан облысында отбасылық зорлық-зомбылық фактілері бойынша 2 500-ден астам арыз тіркелген. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда төмендеген. Осы кезеңде дағдарыс орталықтарына 430 азамат жүгініп, 43 әйел баспанаға орналастырылған.
Құқық бұзушылықтардың жолын кесумен қатар, профилактикалық жұмыстың негізгі мақсаты – жағдайдың ушығуына жол бермей, отбасындағы әр адамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қайталанатын оқиғалардың алдын алу.
Зорлық-зомбылықтың кез келген түрі назардан тыс қалмауы тиіс. Уақтылы берілген белгі мен мамандардың профилактикалық жұмысы ауыр жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді.
