Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Бейбіт күннің батырлары: ШҚО-да "Жас сақшы" сыныбында ерлік сабағы өтті

Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінде "Жас сақшы" полиция сыныбының оқушыларына арналған "Ерлік сабағы" ұйымдастырылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Іс-шара барысында жасөспірімдер нағыз ерлік пен қызметтік борышқа адалдықтың жарқын үлгісіне куә болды.

Кездесудің қонақтары – патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Айхат Әміртай мен полиция лейтенанты Самат Наменов. Іс-шара барысында музей меңгерушісі Бақытгүл Төбиқызы оқушыларды полицейлердің ерлікке толы оқиғасымен таныстырды. Кейін тәртіп сақшылары өздерінің жадында мәңгі сақталған оқиға жайында әңгімелеп берді.

9 қаңтарда қаланы патрульдеу кезінде полиция экипажы қою түтінге оранған тұрғын үйге алғашқылардың бірі болып жеткен. Төтенше жағдайлар қызметін күтпестен, полицейлер бірден түтін басқан подъезге кірген. Өз өмірлерін қатерге тіге отырып, олар екі зардап шегушіні сыртқа алып шығып, кейін көрші пәтерлердің тұрғындарын жедел эвакуациялаған. Осылайша болуы мүмкін қайғылы жағдайдың алдын алған.

Оқушылар төтенше жағдайда әр секундтың маңызды екенін, ал кей сәттерде кешігудің құны адам өмірімен өлшенетінін батырлардың өз аузынан естіп білді.

Көрсеткен батылдығы, жанқиярлығы және қызметтік борышқа адалдығы үшін Айхат Әміртай мен Самат Наменов "Жауынгерлік ерлігі үшін" мемлекеттік медалімен марапатталған.

Кездесу оқушыларға ерекше әсер қалдырып, олар үшін жауапкершілік, отансүйгіштік және адамдарға әрдайым көмек қолын созуға дайын болудың маңызын ұғындырған тағылымды сабаққа айналды. Бейбіт күннің батырлары туралы бұл оқиға жас сақшыларға полиция қызметі тек кәсіби білім мен тәртіпті ғана емес, сонымен қатар қайсар рух пен батылдықты талап ететінін айқын көрсетті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру