Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Цифрландыру және жасанды интеллект басқармасы IT-мамандарының бір күні

Жетісу облысы цифрландыру және жасанды интеллект басқармасы IT-мамандары бір күнімен бөлісті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Қазіргі таңда полиция қызметін цифрлық технологияларсыз елестету мүмкін емес. Қызметтік планшеттер, бейнежетондар, жедел басқару орталығының камералары, дрондар мен электронды жүйелер күнделікті қызметтің маңызды бөлігіне айналды. Ал осы техникалардың үздіксіз әрі дұрыс жұмыс істеуінің артында полиция департаментінің цифрландыру және жасанды интеллект басқармасының IT-мамандары тұр.

Полиция аға лейтенанты Асет Айтуғановтың бір күні бұл қызметтің қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Ол ішкі істер органдарындағы еңбек жолын 2013 жылы техник қызметінен бастап, 2023 жылы аға инженер лауазымына тағайындалған.

Оның жұмыс күні техникаларды тексеруден, байланыс жүйелерін баптаудан және құрылғыларды диагностикалаудан басталады. Күні бойы полиция қызметкерлерінен ондаған өтініш келіп түседі: планшеттерді баптау, бейнежетондарды тексеру, байланыс желісін қалпына келтіру, камералар мен электронды жүйелердің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету.

Осындай мамандардың арқасында заманауи технологиялар полицияға оқиғаларға жедел әрекет етуге және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

- Біздің міндетіміз — әр полиция қызметкері өз жұмысын еш кедергісіз атқара алатындай жағдай жасау. Әрбір дұрыс жұмыс істеп тұрған техниканың артында адамдардың қауіпсіздігі тұр, — деді Асет Айтуғанов.

Цифрландыру және жасанды интеллект басқармасының қызметкерлері көп жағдайда көзге көріне бермейді. Алайда олардың қызметінсіз қазіргі заманғы полиция жұмысын елестету мүмкін емес. Әрбір бөлім өз міндетін атқара отырып, бірлескен жұмыс арқылы азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру