Алматыда демалыс орындарында экологиялық талаптардың сақталуына қатысты рейдтер өтті
Алматыда демалыс орындарында экологиялық талаптардың сақталуына қатысты рейдтер өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Өткен демалыс күндері Алматы қаласының таулы аймақтарында "Таза Қазақстан" республикалық акциясы аясында профилактикалық рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылды.
Алматы қаласы полиция департаментінің қоғамдық қауіпсіздік басқармасы мен аудандық полиция бөлімшелерінің қызметкерлері абаттандыру қағидалары мен табиғатты қорғау заңнамасының сақталуын бақылауға бағытталған тексеру жұмыстарын жүргізді.
Рейд барысында азаматтар көп шоғырланатын демалыс орындарына ерекше назар аударылды. Полицейлер белгіленбеген жерлерде от жағу, өрт қауіпсіздігі талаптарын бұза отырып мангал пайдалану, тұрмыстық қалдықтарды бейберекет тастау және қоршаған ортаға зиян келтіретін өзге де құқық бұзушылықтардың алдын алды.
Екі күннің қорытындысы бойынша абаттандыру қағидаларын бұзудың 26 дерегі анықталып, әрбір құқық бұзушылық бойынша әкімшілік шаралар қабылданды.
— Таулы аймақтар — экологиялық жауапкершілікті талап ететін аумақтардың бірі. Өкінішке қарай, кейбір демалушылар қарапайым талаптарды сақтамай, қоқыс қалдырып, рұқсат етілмеген орындарда от жағып, өрт шығу қаупін тудырады. Мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмейді. Біздің міндет — құқық бұзушылықтарды анықтап қана қоймай, азаматтардың табиғатқа деген жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру, — деді Алматы қаласы ПД қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Тимур Ноғайбаев.
Полиция өкілдерінің мәліметінше, "Таза Қазақстан" акциясы аясындағы профилактикалық жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады.
