Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Маңғыстау облысында құқық бұзушылықтың алдын алуға арналған профилактикалық кабинет ашылды

Маңғыстау облысында құқық бұзушылықтың алдын алуға және қайталама қылмыс деңгейін төмендетуге бағытталған профилактикалық кабинет өз жұмысын бастады, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Аталған кабинет аудандық полиция бөлімінің базасында ашылды. Мұнда Маңғыстау облысы бойынша ҚАЖ департаментінің Мұнайлы аудандық пробация қызметі бөлімінің қызметкерлері полиция қызметкерлерімен бірлесіп, есепте тұрған азаматтармен профилактикалық және түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

Кездесулер барысында жазасын өтеушілерге заң талаптары, қайталама құқық бұзушылықтың салдары, әлеуметтік бейімделу және қоғам алдындағы жауапкершілік мәселелері түсіндіріледі.

Мұнайлы аудандық пробация қызметі бөлімінің бастығы Смағұл Құламановтың айтуынша, профилактикалық жұмыстың нәтижелілігі ішкі істер органдары құрылымдарының өзара үйлесімді әрекетіне және әр азаматпен уақытылы жүргізілетін жеке жұмысқа тікелей байланысты.

— Басты мақсат — қайталама қылмысқа жол бермеу. Бүгінде профилактика тек бақылаумен шектелмейді, ол — ашық диалог пен түсіндіру жұмысы. Полиция мен пробация қызметінің бірлескен жұмысы мәселелерді дер кезінде анықтауға, қажетті қолдау көрсетуге және азаматтарды заңға бағынатын өмір салтына бағыттауға мүмкіндік береді, — деді ол.

ҚАЖ департаменті мамандарының мәліметінше, профилактикалық кабинеттің ашылуы өңірдегі қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға және жеке профилактикалық жұмыстың тиімділігін арттыруға оң әсерін тигізеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру