Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Елорда мектептерінде есірткіге қарсы профилактикалық іс-шара ұйымдастырылды

Елорда мектептерінде Астана қаласы полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының ұйымдастыруымен "Біз есірткісіз болашақты таңдаймыз" атты ауқымды қалалық диктант өткізілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Профилактикалық іс-шараға 150 мыңға жуық оқушы қатысты.

Диктанттың негізгі мақсаты — жасөспірімдер арасында салауатты өмір салтын насихаттау, есірткіге қарсы тұрақты көзқарас қалыптастыру және құқық бұзушылықтардың алдын алу.

Іс-шара барысында полиция қызметкерлері мектеп оқушыларымен кездесіп, есірткінің адам ағзасына тигізетін зияны, психоактивті заттардың қауіптілігі, олардың құқықтық салдары мен заң алдындағы жауапкершілік туралы кең көлемде түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Сонымен қатар шара аясында әлемдік суретшілердің туындыларынан құралған тақырыптық көрме ұйымдастырылып, оқушылармен "журналистік орындық" форматында ашық сұхбаттар өткізілді. Пікір алмасу барысында жастар өз ойларын ортаға салып, қоғамдағы өзекті мәселелерге қатысты көзқарастарын білдірді.

Мамандар жасөспірімдерге зиянды әдеттерден аулақ болып, қауіпсіз әрі саналы өмір салтын таңдаудың маңыздылығын атап өтті.

Тәртіп сақшыларының айтуынша, мұндай профилактикалық іс-шаралар жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастырып, есірткі қылмыстарының алдын алуға ықпал етеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру