Жетісу облыстық ПД қызметкерлері Түркиядағы халықаралық чемпионатта ел намысын абыроймен қорғады
Жетісу облыстық ПД қызметкерлері Түркиядағы халықаралық чемпионатта ел намысын абыроймен қорғады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жетісу облысының полиция қызметкерлері кәсіби қызметте ғана емес, халықаралық спорт аренасында да жоғары нәтижеге қол жеткізе алатынын тағы бір мәрте дәлелдеді.
Жетісу облысы полиция департаментінің басшылығы 12-18 мамыр аралығында Түркия Республикасының Анталия қаласында өткен джиу-джитсудан халықаралық чемпионаттан оралған спортшыларды ерекше құрметпен қарсы алды.
Беделді додаға әлемнің 25 елінен 350-ге жуық спортшы қатысып, өзара мықтыны анықтады. Жоғары деңгейдегі бәсекеге қарамастан, Жетісу облысының полицейлері кәсіби шеберлік пен мықты рухтың үлгісін көрсетті.
94 келіден жоғары салмақ дәрежесінде сынға түскен Даурен Ауданбаев чемпион атанып, алтын медаль иеленді. Ал 85 келіден жоғары салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Шерхан Жақсылық күміс жүлдеге қол жеткізді.
Спортшыларды елге оралғаннан кейін полиция департаментінің басшылығы, әріптестері және жеке құрам салтанатты түрде қарсы алып, халықаралық аренада Қазақстан мен Жетісу облысы полициясының мерейін үстем еткені үшін алғыс білдірді.
— Біздің қызметкерлер күн сайын өздерінің қызметке адалдығын дәлелдеп келеді. Бұл жолы олар қайсарлық пен төзімділіктің, жеңіске деген ұмтылыстың жарқын үлгісін көрсетті. Бұл жетістіктер — тек Полиция департаментінің ғана емес, бүкіл Жетісу өңірінің мақтанышы. Біз ел абыройын асқақтатып жүрген қызметкерлерімізді әрдайым қолдаймыз, — деді Жетісу облысы полиция департаментінің бастығы Сарқытбай Құсаинов.
Полицейлердің бұл жеңісі тәртіп пен табандылықтың, үздіксіз еңбектің арқасында қызметте де, спортта да биік белестерді бағындыруға болатынын айқын көрсетті.
