Астанада қызметтік міндеттерін кәсіби деңгейде атқарған қызметкерлер марапатталды
Елордалық департаментте өткен салтанатты іс-шарада Астана қаласы полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаев өңірлік экологиялық саммитті өткізу кезеңінде қызметтік міндеттерін кәсіби деңгейде атқарған қызметкерлерді марапаттады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Салтанатты шара аясында ерекше көзге түскен қызметкерлерге медальдар, төсбелгілер, алғысхаттар мен құрмет грамоталары табысталды.
Сонымен қатар іс-шара барысында Ақтауда өткен Жазғы президенттік көпсайыстан Қазақстан Республикасының чемпионатында "жүзуден үшсайыс" және "жүгіруден үшсайыс" дисциплиналары бойынша бірінші орынды иеленген патрульдік полиция полкінің инспекторы Аяужан Алтаева да марапатталды.
Сайыс қорытындысы бойынша спортшы ұлттық құрама сапына еніп, 2026 жылғы Әлем чемпионаты мен Азия чемпионатында Қазақстан намысын қорғайтын болды. Сонымен қатар Жедел қимылдайтын арнайы жасақ қызметкерлері тапаншадан практикалық ату (IPSC) бойынша Қазақстан Республикасының кубогында жоғары нәтиже көрсетті.
ЖҚАЖ қызметкерлері кәсіби дайындықтарының жоғары деңгейде екенін дәлелдеп, "Classic" санаты бойынша командалық есепте бірінші орынды иеленді.
Жеке есепте полиция капитаны Дархан Жексембинов жеңімпаз атанса, екінші орынды Ерлан Базарбаев, ал үшінші орынды Медет Слямғазин иеленді.
Полиция мұндай жетістіктер қазақстандық полиция қызметкерлерінің кәсіби шеберлігінің жоғары екендігін, сондай-ақ полиция беделінің республикалық және халықаралық деңгейде нығаюына ықпал ететінін атап өтті.
