Жетісуда "Автобус" жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында 400-ден астам құқық бұзушылық анықталды
Жетісу облысында "Автобус" жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында 400-ден астам құқық бұзушылық анықталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жетісу облысының полиция қызметкерлері жолаушылар мен жүк тасымалын жүзеге асыратын жүргізушілер арасында көлік және еңбек тәртібін нығайтуға бағытталған "Автобус" жедел-профилактикалық іс-шарасының қорытындысын шығарды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – техникалық ақауы бар және қайта жабдықталған жолаушылар көліктерін анықтау, заңсыз жолаушылар тасымалының жолын кесу, сондай-ақ автобустардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу.
ЖПІШ өткізу барысында облыс аумағында 400-ден астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, жолы кесілді.
Атап айтқанда, мемлекеттік немесе міндетті техникалық байқаудан өтпеген көлік құралдарын басқарғаны үшін 46 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сонымен қатар полиция қызметкерлері көлік басқару кезінде ұялы телефон пайдалану деректеріне ерекше назар аударды. Аталған құқық бұзушылық бойынша 129 жүргізуші жауапқа тартылып, мұндай әрекеттердің жолдағы апатты жағдайларға себеп болуы мүмкін екені ескертілді.
Бұдан бөлек, маневр жасау қағидаларын бұзудың 86 фактісі анықталды.
Полиция өкілдерінің айтуынша, мұндай профилактикалық іс-шаралар ең алдымен жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және өңір жолдарындағы жол-көлік оқиғаларының санын азайтуға бағытталған.
— Жолаушылардың қауіпсіздігі жүргізушілердің тәртібі мен жауапкершілігіне тікелей байланысты. Әсіресе адам тасымалы кезінде жол қозғалысы ережелерін бұзу ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін. Бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты түрде жалғасады, - деп атап өтті полицияның баспасөз қызметі.
