Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жастар есірткіге қарсы: Абай облысында 300-ге жуық жасөспірім каратэден бақ сынады

Абай облысында 300-ге жуық жасөспірім каратэден бақ сынады, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Абай облысында каратэ киокушинкайдан 300-ге жуық жасөспірімнің қатысуымен облыстық балалар турнирі өтті. Аталған шара тек спорттық жарыс қана емес, сонымен қатар жас ұрпақ арасында салауатты өмір салтын насихаттауға, есірткіге қарсы көзқарасты қалыптастыруға және құқықтық жауапкершілікті арттыруға бағытталды.

Турнирді ұйымдастыруға Абай облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы белсенді түрде атсалысты. Жарыс барысында полиция қызметкерлері жас спортшылармен кездесіп, спорттың адам өміріндегі маңызы, есірткінің зияны және заң алдындағы жауапкершілік туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Абай облысы полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Думан Үкіжанов жастарды спортпен шұғылдануға және салауатты өмір салтын ұстануға шақырды. Оның айтуынша, спорт жасөспірімдерді тәртіпке, жауапкершілікке және өз мақсатына ұмтылуға тәрбиелейді.

Турнир барысында қатысушылар әртүрлі салмақ дәрежелері бойынша бақ сынап, өздерінің шеберліктерін көрсетті. Барлық қатысушыларға естелік сыйлықтар мен сертификаттар табысталды.

Полиция қызметкерлері жас спортшыларға есірткіден аулақ болып, спорт арқылы биік жетістіктерге жетуге болатынын атап өтті.

Іс-шараның басты мақсаты – жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыру, олардың денсаулыққа жауапкершілікпен қарауын қалыптастыру және салауатты өмір салтын насихаттау. Сонымен қатар турнир қатысушылар арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтып, командалық рухтың артуына ықпал етті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру