Жамбыл облысында пробация есебінде тұрған азаматтар арасында жедел-профилактикалық іс-шара өткізілуде
Жамбыл облысында пробация есебінде тұрған азаматтар арасында жедел-профилактикалық іс-шара өткізілуде, - деп хабарлайды Polisia.kz.
18-22 мамыр аралығында Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты Тараз қалалық №1 және №3 пробация қызметі бөлімдерінің қызметкерлері есепте тұрған сотталған азаматтар арасында жедел-профилактикалық іс-шара жүргізуде.
Іс-шараның негізгі мақсаты – пробация есебіндегі азаматтардың сот жүктеген міндеттер мен бақылау талаптарын қатаң сақтауын қамтамасыз ету, қайта қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу, сондай-ақ қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті нығайту.
Шара аясында пробация қызметкерлері есептегі азаматтардың тұрғылықты мекенжайларына барып, олардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын, күнделікті өмір сүру тәртібін және белгіленген талаптарды сақтау деңгейін тексеруде. Сонымен қатар сотталғандармен жеке профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, заң талаптарын сақтау, қоғамдық тәртіпті бұзбау, зиянды әдеттерден аулақ болу және қоғамға бейімделу мәселелері түсіндірілуде.
Пробация қызметкерлері тарапынан азаматтарға бақылау талаптарын бұзған жағдайда заңнамаға сәйкес жауапкершілік қарастырылатыны ескертіліп, қайта құқық бұзушылыққа жол бермеу бойынша профилактикалық кеңестер берілуде.
Сондай-ақ жұмыссыз азаматтарға арналған еңбекпен қамту бағдарламалары мен мемлекеттік қолдау тетіктері туралы ақпарат ұсынылып, олардың әлеуметтік бейімделуіне баса назар аударылуда.
Мұндай жедел-профилактикалық іс-шаралар сотталған азаматтардың қоғамға қайта бейімделуіне ықпал етіп, олардың заң талаптарын сақтай отырып, қалыпты өмір салтын ұстануына мүмкіндік береді.
