Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қарағандыда Қазақстан полициясы тарихындағы тұңғыш республикалық бокс чемпионаты басталды

Қарағандыда Қазақстан полициясы тарихындағы тұңғыш республикалық бокс чемпионаты басталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Кеншілер мен чемпиондар мекені — қасиетті Қарағанды төрінде ел полициясы тарихындағы айтулы спорттық оқиғаға жол ашылды. Қазақстан Республикасы ішкі істер министрлігінің бастамасымен ұйымдастырылған полицейлер арасындағы алғашқы республикалық бокс чемпионаты Серік Сәпиев атындағы бокс орталығында салтанатты түрде шымылдығын түрді.

Елдің түкпір-түкпірінен жиналған сақшылар арасындағы дүбірлі додаға арнайы келген Қазақстан Республикасы ішкі істер министрлігі жеке құраммен жұмыс істеу департаментінің бастығы Олжас Мырзабеков чемпионаттың маңыздылығына тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Өз сөзінде министрлік өкілі Ішкі істер министрі Ержан Сәденов атынан құттықтау жеткізіп, бұл жарыстың тек спорттық дода емес, полиция қызметкерлерінің кәсіби дайындығы мен рухани беріктігін айқындайтын маңызды алаң екенін атап өтті.

— Бүгінгі чемпионат — тәртіп сақшыларының қайсарлығы мен төзімін, табандылығы мен ерік-жігерін сынға салатын үлкен мектеп. Полиция қызметкері үшін физикалық дайындық пен мықты мінез — күнделікті қызметтің ажырамас бөлігі. Сондықтан мұндай жарыстар алдағы уақытта да Ішкі істер министрлігінің “Арлан” спорт клубы аясында өз жалғасын табады, — деді Олжас Мырзабеков.

Чемпионаттың дәл Қарағанды жерінде өтуінің де символдық мәні зор. Қазақ боксының талай тарланын түлеткен бұл өңір Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев пен әлемдік кәсіпқой бокстың аңызы Геннадий Головкин сынды дара спорт саңлақтарын дүниеге әкелді. Олардың жеңіс жолы — бүгінгі полиция қызметкерлері үшін қажыр-қайраттың, еңбекқорлық пен отансүйгіштіктің жарқын үлгісі.

Айта кету керек, чемпионат халықаралық деңгейдегі талай байрақты бәсекеге куә болған Серік Сәпиев атындағы бокс орталығы кешенінде өтуде. Бұл спорт ордасы бүгінде чемпиондарды шыңдайтын қасиетті мекенге айналған.

Салтанатты ашылу рәсіміне облыс пен республикаға танымал спорт ардагерлері мен белгілі спортшылар қатысты. Сонымен қатар әр өңірден келген 25 команда құрамындағы 200-ден астам спортшыға Қарағанды облысының өнерпаздары рухты музыкалық бағдарламаларын ұсынып, ерекше атмосфера сыйлады.

Полицейлер арасындағы республикалық бокс чемпионаты 29 мамыр күні мәресіне жетіп, үздіктер арнайы марапатталатын болады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру