Қызылордада полицейлер “Жас сақшы” сыныбының оқушыларын соңғы қоңыраумен құттықтады
Қызылордада полицейлер “Жас сақшы” сыныбының оқушыларын соңғы қоңыраумен құттықтады, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облысы полиция департаменті Жаңақорған ауданы полиция бөлімінің бастығы Асылбай Аңсатов Жаңақорған кентіндегі Аманкелді Абдуллаев атындағы зияткерлік мектеп-интернатында өткен соңғы қоңырау салтанатына қатысып, полиция капитаны Ғазиз Байтасов атындағы “Жас сақшы” сыныбының оқушыларын мерекемен құттықтады.
Іс-шара барысында жас сақшылардың оқу мен тәртіпті қатар алып жүргені, қоғамдық және патриоттық бағыттағы шараларға белсенді қатысып жүргені ерекше атап өтілді. Сонымен қатар аудан көлемінде “Жас сақшы” сыныбының ашылуына қолдау білдіріп, жас ұрпақ тәрбиесіне үлес қосып жүрген азаматтарға алғыс білдірілді.
Мерекелік жиында мектеп құрылтайшысы Алмат Абдуллаевқа, мектеп директоры Жасұлан Тасболатұлына және сынып жетекшісі Інкәр Мұратбекқызына Қызылорда облысы полиция департаменті бастығының алғыс хаттары табысталды.
Шара соңында оқушылардың жетістіктері жоғары бағаланып, жас сақшылардың ел болашағы жолында білімді, тәртіпті әрі отансүйгіш азамат болып қалыптасатынына сенім білдірілді.
