Астанада полиция мерекелік іс-шаралар кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз етті
Астанада полиция мерекелік іс-шаралар кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз етті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Елордада мерекелік іс-шаралар өткізу кезеңінде қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпті сақтау шаралары күшейтілді.
Полиция қызметкерлері күшейтілген режимде мектептердің маңында, саябақтарда, көпшілік демалыс орындарында және қала көшелерінде қызмет атқарды. Негізгі назар кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және төтенше жағдайлардың орын алуына жол бермеуге аударылды.
Қабылданған шаралардың арқасында мерекелік іс-шаралар тыныш әрі төтенше жағдайларсыз өтті. Азаматтардың қауіпсіздігіне әсер етуі мүмкін қоғамдық тәртіп бұзушылықтарына жол берілген жоқ.
Сонымен қатар елорда аумағында жергілікті рейдтік іс-шаралар мен профилактикалық жұмыстар жүргізілді. Бір тәулік ішінде түнгі уақытта заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғынжайдан тыс жүрген 100-ден астам кәмелетке толмаған жасөспірім анықталды.
Барлық фактілер бойынша жасөспірімдермен және олардың ата-аналарымен профилактикалық әңгімелер жүргізіліп, заңды өкілдері белгіленген тәртіппен жауапкершілікке тартылды.
Сондай-ақ кәмелетке толмағандар тарапынан тыныштықты бұзудың екі фактісі және ұсақ бұзақылықтың бір фактісі тіркелді.
Елорда полициясы ата-аналарды балалардың қауіпсіздігіне, әсіресе мерекелік және демалыс күндері ерекше назар аударуға шақырады.
