Алматыда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелері қаралды
Алматыда әйелдер мен балалардың қауіпсіздігі мәселелері қоғам өкілдерімен өткен кездесуде талқыланды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы қаласында полиция департаменті басшылығының қоғам белсенділерімен кездесуі өтті. Жиын барысында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, сондай-ақ интернет-алаяқтықтың алдын алу мәселелері жан-жақты қарастырылды.
Алматы қаласы полиция департаментінің бастығы Айдын Қабдұлдинов ішкі істер органдарының азаматтық қоғаммен өзара іс-қимылға ерекше мән беретінін атап өтті.
— Мен Алматы әйелдерінің қоғамдағы белсенді әрі принципшіл ұстанымына көз жеткіздім. Сіздер маңызды әлеуметтік мәселелерді көтеріп, профилактикалық жұмыстарға белсене араласып, қоғам үшін мәні зор бастамаларды жүзеге асырып келесіздер, — деді Айдын Қабдұлдинов.
Оның айтуынша, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және киберқылмыспен күрес полиция жұмысының басым бағыттарының бірі болып табылады.
— Департамент тарапынан кешенді профилактикалық іс-шаралар жүйелі түрде жүргізілуде. Кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілерін дер кезінде анықтау және интернет-алаяқтықтың алдын алу бағытындағы жұмыстар күшейтілді. Әсіресе жастар мен аға буын өкілдерін ақпараттандыруға ерекше көңіл бөлінуде, — деді полиция басшысы.
Сонымен қатар Алматы қаласының бас полицейі бұл бағыттағы жұмыстарды қоғаммен тығыз байланыс орнатпай тиімді жүзеге асыру мүмкін еместігін атап өтті.
— Біз үшін азаматтардың пікірі аса маңызды. Қауіпсіздік деңгейін арттырып, полицияға деген сенімді нығайту тек бірлескен күш-жігердің нәтижесінде ғана мүмкін. Қоғаммен өзара іс-қимыл алдағы уақытта да құқықтық тәртіпті нығайтуға және азаматтардың құқықтарын қорғауға оң ықпал етеді деп сенемін, — деп түйіндеді Айдын Қабдұлдинов.
Кездесу барысында қатысушылар өзекті мәселелерді талқылап, бірқатар ұсыныстар мен бастамаларын ортаға салды.
Жиын қорытындысы бойынша полиция өкілдері айтылған барлық ұсыныстар мұқият зерделеніп, тиісті жұмыстарда ескерілетінін жеткізді.
