Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО-да жас палуандарға арналған жарыс өтті

Петропавл қаласындағы Александр Винокуров атындағы спорт сарайында СҚО полиция департаменті "Жас палуан" лигасымен және ІІМ-нің "ARLAN" спорт клубының қолдауымен ұйымдастырған ауқымды балалар спорт мерекесі өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Грек-рим күресінен өткен жарысқа Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қостанай және Қарағанды облыстарынан келген 7 мен 13 жас аралығындағы 300-ге жуық жас спортшы қатысты.

Жарыстың ашылу салтанатында СҚО ПД бастығы Абай Жүсіпов қатысушыларға сәттілік тілеп, адал күрес, жарқын жеңістер мен жаңа спорттық жетістіктер тіледі.

Кілем үстіндегі тартысты белдесулер әр салмақ дәрежесіндегі мықтыларды анықтады. Атап айтқанда, ең жас қатысушылар арасында 16-20 келі салмақ дәрежесінде Мағжан Жұмабаев ауданынан келген Тимур Букулаев пен Жамбыл ауданының өкілі Алан Абдрахманов жеңіске деген жігері мен жоғары дайындықтарын көрсетті. Ал 21-22 келі салмақ дәрежесінде Береке шағынауданының спортшысы Нариман Адиятов техникалық әрі сенімді күрес жүргізіп, өз тобында бірінші орын иеленді.

Жеңімпаздар мен қатысушылар медальдармен, грамоталармен және естелік сыйлықтармен марапатталды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, спорт балалардың жазғы демалысын пайдалы әрі белсенді өткізуіне ықпал етіп, мінезді, тәртіпті және қарсыласқа деген құрметті қалыптастырады. Осындай шаралар өскелең ұрпақ үшін жаз мезгілін қызықты, қауіпсіз әрі пайдалы етуге көмектеседі.

Жазғы кезең бойы полицейлер балалардың қауіпсіздігі мәселелеріне — қоғамдық орындарда, жолдарда және тұрмыста ерекше назар аударады. Балалардың қорғалу деңгейі — "Заң мен Тәртіп" тұжырымдамасын іске асырудың негізгі көрсеткіштерінің бірі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру