Астана полицейлері мергендіктен республикалық турнирде топ жарды
Астана қаласы полиция департаментінің қызметкерлері Семей қаласында өткен IPSC практикалық ату спортынан "Қара майор" Қазақстан Республикасы Кубогында жоғары нәтиже көрсетіп, жеңімпаз атанды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жарыс барысында жылдам қимылдайтын арнайы жасақтың қызметкерлері кәсіби шеберліктерін, мергендіктерін, жедел әрекет ету қабілеттері мен үйлесімді іс-қимылдарын паш етіп, "Classic" дивизионының командалық есебінде бірінші орынды иеленді.
Жеңімпаз команданың құрамында команда капитаны, ЖҚАЖ аға инспекторы Ерлан Базарбаев, ЖҚАЖ аға инспекторы Дархан Жексембинов және ЖҚАЖ инспекторы Дәулет Өзбеков болды.
Сонымен қатар елордалық полиция қызметкерлері жеке есепте де үздік нәтижелерге қол жеткізді. Атап айтқанда, Медет Слямғазин екінші орын алып, турнирдің күміс жүлдегері атанды.
Практикалық ату спорты қатысушылардан қаруды жетік меңгеруді ғана емес, жоғары деңгейдегі зейінділікті, жедел шешім қабылдау қабілетін және дәлдікті талап етеді. Елордалық полицейлердің бұл жарыстағы табысты өнер көрсетуі олардың қызметтік және жауынгерлік даярлығының жоғары деңгейде екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Астана қаласы полиция департаменті жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлерін құттықтап, алдағы уақытта да биік белестерді бағындырып, толағай табыстар мен жарқын жеңістерге жете беруіне тілектестік білдірді.
