СҚО-да заңсыз қоқыс үйінділеріне қарсы бақылау күшейтілді
Петропавл қаласындағы саяжай алқаптарында заңсыз қоқыс тастау деректерін анықтау жұмыстары күшейтілді. Қазіргі таңда мұндай құқық бұзушылықтар рейдтік іс-шаралармен қатар бейнебақылау камераларының көмегімен де тіркелуде, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жақында қаладағы саяжайлардың бірінде 57 жастағы тұрғын тұрмыстық қалдықтарды белгіленбеген орынға тастағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Құқық бұзушылық фактісі бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Кейін әйел өз әрекетіне өкініш білдіріп, мұндай жағдайдың қайталанбайтынын айтты.
Петропавл қалалық полиция басқармасы бастығының орынбасары Айдын Ахмағамбетовтің айтуынша, саяжай серіктестіктері қоқыс шығаратын ұйымдармен келісімшарт жасап, арнайы контейнерлер орнатуға міндетті. Ал мұндай жағдай қарастырылмаған жерлерде саяжай иелері тұрмыстық қалдықтарды өздері белгіленген орындарға шығаруы тиіс.
— Рұқсатсыз қоқыс үйінділері саяжай қоғамдарының көркін бұзып қана қоймай, қоршаған ортаға да кері әсерін тигізеді. Сондықтан әр азамат тазалық мәселесіне жауапкершілікпен қарауы қажет, — дейді полиция өкілі.
Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында ортақ пайдаланылатын орындарды ластаудың 568 дерегі тіркелген. Бұл құқық бұзушылықтар полиция қызметкерлерінің рейдтері барысында және Жедел басқару орталығының бейнебақылау жүйелері арқылы анықталған.
Сонымен қатар өңірде "Таза Қазақстан" жалпыұлттық акциясы аясында тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп келеді. Полицейлердің айтуынша, мұндай шаралардың басты мақсаты — азаматтарды жазалау емес, қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастыру және өңірдің экологиялық ахуалын жақсарту.
Табиғат тазалығы мен қоғамдық тәртіпті сақтау – әрбір азаматтың ортақ міндеті. Сондықтан тұрмыстық қалдықтарды белгіленген орындарға шығару және қоршаған ортаға ұқыпты қарау қоғам алдындағы жауапкершіліктің маңызды көрінісі болып қала бермек.
